13 қарашаға арналған ауа райы болжамы
13 қарашада еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Бұл туралы "Қазгидромет" РМК-дан хабарлады.
«Атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде құбылмалы ауа райы күтіледі, батыстың, солтүстік-батыстың кей жерлерінде жаңбыр және қар, солтүстікте және шығыста қар жауады, тек оңтүстікте және оңтүстік-шығыста антициклон шоғырының әсерінен күн райы ашық болады. Кей жерлерде тұман күтіледі, жел күшейеді, солтүстік пен шығыстың кей жерлерінде көктайғақ болып, жаяу бұрқасын соғады», - делінген хабарламада.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі, Ақмола облысында жел 15-20 м/с күшейеді.
Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарының кей жерлерінде көктайғақ күтіледі, жел 15-20 м/с күшейеді, Шығыс Қазақстан облысында бұрқасын соғады, Қостанай облысында тұман түсуі ықтимал.
Алматы облысының кей жерлерінде түнде және таңертең тұман күтіледі, күндіз Жалаңашкөл ауданында жел 15-20 м/с күшейеді.
Жамбыл облысының кей жерлерінде тұман түседі, түнде және таңертең жел 15-20 м/с күшейеді. Түркістан облысының кей жерлерінде жел 15-20 м/с күшейеді.
Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, түнде және таңертең Қарағанды облыстарының кей жерлерінде тұман түсуі ықтимал.