Абай жылында Абай көшесінде жарық жарқырады ма?
Жыл аяқталар тұста «Әкімге алты сауал» айдарымен ауыл әкімдерімен шағын сұхбат ұйымдастырғанды жөн көрдік. Жыл қорытындыланар сәтте әкім мен халықтың байланысын, есепті кездесудегі мәселелердің шешімін табу жайын жаңа айдарға арқау етпекпіз. Ауыл әкіміне қояр сауалыңыз болса, хат жазыңыз, құрметті оқырман.
«Әкімге алты сауал» айдарының бүгінгі қонағы – Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі Дулат Таубай.
«Әкімге алты сауал» айдарының бүгінгі қонағы – Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі Дулат Таубай.
– Сынды қалай қабылдайсыз?
– Барлығының көңілінен шығу мүмкін емес. Қанша адам болса, сонша пікір бар. Әр адамның қалауы әртүрлі. Дегенмен «сын түзелмей, мін түзелмейді» ғой, орынды сынды қабылдаймын. Мемлекеттік қызметкер ретінде айтылған сыннан қорытынды шығаруға тырысамын.
– Абай жылын Абай атындағы ауыл қалай өткізді? Өзгелерден ерек нендей шара ұйымдастыра алдыңыздар?
– 2020 жылдың 29 қаңтар күні Абай атындағы №138 орта мектебінде Абай Құнанбаевтың 175 жасқа толу мерекесіне орай «Абай жаққан бір сәуле сөнбес үшін» атты облыстық ардагерлер кеңесінің жоспары бойынша Абай ауылы¬ның қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесіп, облыстық әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
Пандемияға байланысты Абай ауылының мәдениет үйінде Абай Құнанбаевтың 175 жасқа толу жылына байланысты барлық іс шаралар онлайн режимінде өтті. Абай Құнанбаевтың 175 жасқа толу жылын 26 қараша күні «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасымен аяқтауды жөн көріп отырмыз.
– Биылға біткен іс?
– «Жұмыспен қамту 2020-2021» бағдарламасының І бағыты инфрақұрылымды және тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты дамыту аясында Абай ауылының Бейбітшілік көшесіне 1,5 шақырымына орташа жөндеу, асфальттауға және Досан ауылының №17-20 көшелеріне тас төсеуге республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, «Қайнар-LTD» ЖШС аталған жұмыстарды атқарды. Сонымен қатар осы жоба аясында Абай мәдениет үйінің шатырына жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлініп, жөндеу жұмысы өз деңгейінде жүргізілді.
Ауылдық округке қарасты Досан елді мекенінің №15, 4А, 9А көшелеріне де қалалық бюджеттен тас төсеу жұмыстарына қаражат бөлініп, аталған жұмыстар жүргізілді.
Абай ауылының Гагарин көшесіне орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңда «Қызылорда-Траст» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, қараша айында аталған жұмыс атқарылып, аяқталатын болады. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша қаржы бөлініп, Досан ауылының №15, 20 көшелеріне 22 жарық бағанасы орнатылды.
«Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру» бағдарламасы бойынша қаржы бөлініп, көше тренажеры салынды.
– Биыл үлгіре алмаған ісіңіз?
1. Абай ауылын ілеспе газбен қамтамасыз ету.
2. Досан елді мекеніндегі жаңа қоныс аумағындағы 23 көшеге талапқа сай электр бағаналарын орнату.
3. Досан елді мекенінің 5 көшесіне тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Қалған 18 көшені жөндеуге жобалық сметалық құжаты дайын, алдағы уақытта кезең- кезеңімен жол салу жұмыстар жүргізілетін болады.
– Жыл басындағы есепті кездесуде көтерілген мәселенің бірі тұрғындары батпақ кешкен Гагарин көшесінің мәселесі шешімін тапты ма?
– Абай ауылының Гагарин көшесіне орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге қалалық бюджеттен асфальт төсеуге қаржы бөлініп, қазіргі таңда «Қызылорда-Траст» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, қараша айында аталған жұмыс атқарылып, аяқталатын болады.
– Абай көшесінің тұрғындары кеш бата жарықтың сығырайып қалатынын жасырмады. Абай жылында Абай көшесінің жарығын жарқырата алдыңыз ба?
– Абай ауылы толықтай электр энергиясымен қамтылған. Алайда, есепті кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің бірі – кешкі мезгілде электр қуатының әлсіреуі болатын.
Абай ауылының Абай, Бейбітшілік және Махамбетов көшелерінің жарығын тұрақ¬тандыру мақсатында қала әкімі қалалық бюджеттен қаржы бөліп, қазіргі таңда қосалқы станциясын орнату жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта аталған көшелер жарықпен толықтай қамтылатын болады.
Г.МАҒЛҰМҚЫЗЫ