Сырдағы толымды тірлік Елорда төрінде сараланды
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы аясында өңірде атқарылған істер мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында мәлімдеді.
Брифингте облыс басшысы әр саланың және мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысын баяндады. Оның айтуынша, экономиканың негізгі салаларында өсім бар. Мәселен, өнеркәсіптегі өнім өндіру 3,5, ауыл шаруашылығы 3,1 процентке, шағын және орта кәсіп нысандары 5,4 процентке артқан. Сонымен қатар мұнай көлемін арттыру бағытында Шу-Сарысу шөгінді бассейінің жер қойнауын зерттеу қолға алынбақ.
ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛАДЫ
Бүгінде аймақта 26 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Құны 554 млрд теңгені құрайтын жобалар іске асса 7 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Бұл индустрияландырудың үшінші бесжылдығы аясында орындалмақ. Бұған дейін аталған бағдарламамен Арал ауданында тауарлы балықты терең өңдеу цехы ашылған болатын. Мұның жалғасы ретінде тағы бір балық өңдеу зауыты мен кварц құмдарын байыту комбинатын жыл соңына дейін іске қосу көзделуде. Тағы бір тиімді жобаның бірі – ірі зауыттар жанынан ілеспе өндірісін жетілдіру ісі. Мұндай жоба ретінде шыны зауытының жанынан 8 өндіріс көзін ашу жоспарлануда.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ
Өңірдің басты экономикалық саласы ретінде ауыл шаруашылығын айтуға болады. Бұл ретте облыс әкімі биыл диқандар күріштің әр гектарынан 61,8 центнерден өнім алғанын жеткізді. Нәтижесінде Сыр қамбасына 550 мың тоннадан астам астық жиналды. Су тапшылығына сәйкес егістікті әртараптандыру қолға алынып, тиімділігін көрсетті. Егінді суару енді аквагельдер, тамшылату, жаңбырлату арқылы жүзеге асады. Бұдан бөлек көлемі 2,3 текше метр болатын 6 су қоймасы салынады. Қазіргі таңда Қызылоррда және Әйтек су тораптарын қайта құру, Жиделі су қоймасын жөндеу, Жалағаш ауданында ирригациялық және дренаж жүйесін жетілдіруде ірі жобалар қолға алынған.
Сыр елінен сыртқа тасымалданатын өнімдер қатарын биыл қамыс, қызанақ, мұздатылған көкөністер толықтырды. Жалпы әлемнің 17 еліне өңірден ауыл шаруашылығының 11 өнімі экспортталды.
БИЗНЕС БАСТАМА
Облыста кәсіпкерлікті дамыту бағытында әзірленген 2023 жылға дейінгі экономикалық даму картасы бар. Жоспарға сай 270 млрд теңгеге 265 жоба іске асуы тиіс. Соның аясында 4600-ге тарта жұмыс орны құрылмақ. Бұған дейін жүзеге асқан 110 жобамен 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Жеке кәсіп ашуда көпбалалы аналардың мүмкіндігі зор. Оларға «Еңбек» бағдарламасымен арнай грант бөлінуде. Соның арқасында биыл 600-ден аса көпбалалы ана кәсіпкер атанған. Сонымен бірге кәсіпкерлер салық төлеуде жеңілдік алды. Бірқатары меншікті жалдау ақысынан, МӘМС төлеуден босатылды. Мұндай жеңілдік жыл соңына дейін тағы 194 шағын және орта бизнес өкілдеріне берілмек.
МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА – ЖҰМЫС КӨЗІ
Бұл бағытта биыл 19 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 277 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде 9,5 мыңға тарта тұрғын жұмысқа тартылған. Аталған бағдарлама негізінде ашылған жұмыс орнының 14 мыңы тұрақты саналады. Ал өңірдегі жұмыссыздық деңгейі – 4,9 процентті құрайды.
БАСПАНА – БАСТЫ МӘСЕЛЕ
Бұл ретте аймақ басшысы жыл аяғында 696 пәтерлік 74 үйдің пәтер кілті табысталатынын атап өтті. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуде бүгінгі таңда 98 көппәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. Оған қоса Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан азаматтары үшін тұрғын үй салу тәжірбиесі жалғасын таппақ. Осы ретте келер жылы 50 пәтерлі 5 тұрғын үй бой көтереді.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ИГІЛІГІ
Облыс жыл санап инфрақұрылымы өріс алған аймақтар қатарында. Жалпы аймақ тұрғындарының 97 проценті орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Көгілдір отынды тұтынушылар көрсеткіші – 63 процент. Бұл жыл соңына дейін 70 процентке өседі деп күтілуде.
ЖАҢА СПОРТ НЫСАНЫ БОЙ КӨТЕРЕДІ
Аталған салалар бойынша атқарылған жұмыс та, жеткен жетістік те аз емес. Биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, Ұлы Абайдың 175, Ұлы Отан соғысының 75, Алтын Орданың 750 жылдығы атап өтілді. Соған сәйкес онлайн форматта 2000-нан аса іс-шара ұйымдастырылды. Спорт саласында бюджет есебінен 12 жаңа нысан салынуда. Оның ішінде байдарка мен каноэде есу базасы бар. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді.
ҚАУІПТІ ІНДЕТПЕН КҮРЕС КҮШЕЙЕДІ
Қазіргі таңда коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық қызу жүруде. Қажет жағдайда 3200 төсектік 21инфекциялық стационар жұмысын бастайды. Үй жағдайында 138 медициналық мобильді топ қызмет көрсетсе, қосымша 3600 медицина мамандары жасақталған.
– Індетпен күресу үшін өкпені жасанды желдету аппаратын 244-ке жеткіздік. Сонымен бірге дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар. Тұрақтандыру қоры арқылы дәрілік заттарды алуға 488 млн теңге қаржы бөлінді. Жақында 200 төсектік жаңа модульдік инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталады. Сондай-ақ көпбейінді облыстық ауруханада оттегі станциясы салынды, – деді аймақ басшысы брифинг барысында.
Аймақтың 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсет¬кішін саралаған облыс әкімі республикалық, жергілікті БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Журналистер өздерін толғандырған коронавирустың екінші толқынына дайындық барысы, баспана, облыстың инфрақұрылымы, мейрамхана бизнесіндегі кәсіпкерлер жайындағы сауалына жауап алды. Осы орайда аймақ басшысы мейрамхана ісін жүргізген кәсіпкерлердің қазіргі кәсібіне ерекше тоқталып өтті. Карантин кезінде аталған кәсіптің тұрақты табыс көзі емесін ұғынған кәсіпкерлер жаңа бағытқа көшкен. Бүгінде облыстағы 10 шақты мейрамхана өндіріс ошағына айналған. Олардың бірі мейрамханасын балалар ойын алаңына айналдырса, бірі кондитер цехын ашқан. Енді бірі шырын, бұқтырылған ет өнімін өндіретін цех ашуды жоспарлауда.
А.СЕЙІЛ