Спорт: Сырдың атын әлемге танытар жаңа буын өсіп келеді
Бұқаралық спортты дамыту, жастарды салауатты өмір салтына баулу – кезек күттірмейтін қоғам міндеті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың спортпен қамтылу деңгейін 30 процентке арттыру тапсырмасы да мәселенің ең оңтайлы шешіміне бағытталған жоспар екені айқын. Ал шаһардағы спорт саласында биыл нендей жаңалық бар? Үйірме жұмысы қай деңгейде жүргізілуде? Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айбек Ормановпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Айбек Ерғалиұлы, басшылық қызметке келгеніңізге көп уақыт өтпесе де, саланың жай-күйіне бұрыннан қанықсыз. Жалпы Сыр жастары қандай спорт түріне бейім?
– Қала тұрғындары тарапынан спортқа деген қызығушылық жыл санап артқаны белгілі. Жыл басынан бері елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты 32 спорттық іс-шара өтті. Оның ішінде 14 шара онлайн форматта ұйымдастырылды. Соңғы уақытта Сыр жастары грэпплинг, панкратион, еркін күрес, дзюдо секілді спорт түрінен республикалық, халықаралық жарыстардан жүлделі оралуда. Қазақ күресі де кенже қалып жатқан жоқ. Спортшыларымыз түрлі сайыстардан топ жарып, қала мерейін ғана емес, аймақ абыройын асырып келеді.
Үйірмелерге қатысушы саны айтарлықтай көбейді. Мәселен өткен жылы «Қажымұқан» спорт кешенінде жаттығушылар саны артқандықтан «Ерсұлтан» сауықтыру спорт кешенін жалға алуға тура келді. Қазір аталған спорт кешенінде 300-ге жуық жасөспірім спортпен айналысуда. Сондай-ақ қала бойынша жылына 4-5 нысанды қосымша жалға алуға тура келеді.
– Қалада қанша спорт түрінен үйірме жұмыс істейді? Жаңадан қосылған спорт түрлері бар ма?
– Ұлттық және бұқаралық спортты дамыту бойынша «Қажымұқан» спорт клубы жұмыс істейді. Клубта спорттың 11 түрінен үйірме ұйымдастырылып, 964 қала тұрғыны спортпен айналысады. 2020 жылы клуб спортшылары ҚР чемпионаттары мен кубоктарында 23 рет жеңіс тұғырына көтерілді. Оған қоса Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубына қарасты «Ерсұлтан» сауықтыру спорт кешенінде қыркүйек айынан бастап мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында ақысыз негізінде үйірмелер жұмыс жасауда. Осы кешенде еркін күрес, ережесіз жекпе-жек, қазақша күрес түрінен жаңадан үш үйірме ашылды.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарды салауатты өмір салтына баулу, спортпен шұғылдануға дағдыландыру мақсатында нендей жұмыс атқарылды?
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтар – қоғамның толыққанды мүшесі. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт орталығынан парапауэрлифтинг және «Қазақ соқырлар қоғамы» жанынан тоғызқұмалақ, дойбы, шахматтан үйірме ұйымдастырылған. Белкөл кентінде үстел теннисінен арнайы үйірме қамтылған. Үйірмелер азаматтарға спорттың алғашқы сатысын үйретіп, түрлі жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді.
– Бұқаралық спортты дамыту қай деңгеде?
– Бұқаралық спорт түрлерімен жүйелі айналысу – үлкен спортқа алғашқы баспалдақ және салауатты өмір салтын нығайту көзі. Сол себепті үкіметтік емес ұйымдар арқылы тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту бойынша жүйелі жұмыс атқарылуда. Мысалы, «Қайнар» спорт клубы қоғамдық бірлестігімен тығыз байланыстамыз. 49 спорт нұсқаушысы бар қоғамдық бірлестіктің қолдауымен бұқаралық спортпен қамтылған тұрғын екі есеге артты.
Халықтың әлеуметтік әлсіз тобы қатарындағы қала тұрғындарын қолдау мақсатында әр ай сайын аз қамтылған, көпбалалы отбасындағы балаларға және қала жастарын қолжетімді спорт инфрақұрылыммен қамту бойынша «Евразия», «Мұз айдыны» спорт кешендеріне жолдама берілуде.
Сонымен қатар өткен жылы қала мен қалаға қарасты кент және ауылдық округті спорт үйірмелерімен толық қамту мақсатында Белкөл кенті мен Ақжарма, Қосшыңырау, Қызылөзек ауылдық округтерінен грэпплинг, жекпе-жек, каратэ, еркін, қазақша күрес түрінен үйірмесі ашылып, жастарды тарту қолға алынған. Қазіргі таңда 3583 спорт үйірмесі ұйымдастырылып, қала мен қалаға қарасты барлық кент, ауылдық округтер толық қамтылды. Ал Қызылорда қаласы тұрғындарының дене шынықтыру және спортпен шұғылдануы үшін салынған спорттық нысандар саны 646-ға жетіп отыр.
Осы жылы Қызылөзек және Қосшыңырау ауылдық округіндегі спорттық үйірмелерге 2 күрес кілемі сатып алынды. Оған қоса кенже қалған спорт түрін дамыту бойынша облыстық жобалық кеңсеге үстел теннисі ұсынылған болатын. Өз кезегінде жоба қолдау тауып, биыл қаладағы 15 мектепке 40 үстел теннисі орнатылды.
Тағы бір қуанарлық жайт, биыл «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында қала аумағында спорт саласына байланысты 10 жоба жүзеге асуда.
– Соңғы жылда Сыр спорты жаңа есімдермен толықты ма?
– Қызылорда өңірі спорт үздіктерін дайындайтын өзіндік мектеп қалыптастырды десек, артық емес. Илья Ильин, Қамшыбек Қоңқабаев, Александр Зайчиков, Элизабет Тұрсынбаева, Мерей Медетов, Әсел Серікбай секілді әйгілі спортшылардан бөлек, күш-қуаты мығым жаңа буын өсіп келе жатыр.
Мысалы жақында Шымкент қаласында Octagon лигасының ұйымдастыруы бойынша кәсіпқой аралас жекпе-жектен рейтингтік кездесу өтті. Жарыста 56,7кг салмақ дәрежесінде Әділсерік Ғани, 77 кг салмақта Жүнісов Алтынбек жеңіске жетіп, олжалы оралды. Сондықтан Сыр өңірінен шыққан спорт саласындағы жаңа есімдер әлі де толыға түсері анық. Сыр елінде спорт саңлағы жетерлік.
– Арулар арасында жетістікке жеткен спортшылар бар ма?
– Қазіргі таңда спортқа қадам басқан арулардың қатары артты. Республикалық, халықаралық жарыста ел намысын қорғап жүрген спортшылар сапында нәзік жанды арулар жетерлік. Мысалы биыл Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық ашық Азия және әлем кубогы үшін грепплинг, грепплинг ги бағдарламасы бойынша Мархаббат Ақылбаева ІІ орынды иемденсе, Жансая Мұрат І орынды жеңіп алды. Сонымен қатар Дильназ Ашықбай, Айгерім Еділбай есімді аруларымыз жеңіс тұғырына көтеріліп, ел намысын асқақтатуда.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ