«ДАРЫН» ИЕГЕРІН ӘКІМ ҚҰТТЫҚТАДЫ
Қоғамның әр саласында еңбекті жеміс еткен жастарды қолдау мақсатында тағайындалған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына биыл «Журналистика номинациясы бойынша жерлесіміз, «Хабар 24» телеарнасының журналисі Рауан Мыңбаев лайық деп танылды. Осы орайда қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жас дарынды құттықтады.
– Құрметті Рауан Ерұзақұлы! Ел үшін еткен елеулі еңбектеріңіздің лайықты бағасы ретінде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын иеленуіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Қоғамды жан-жақты, шынайы әрі нақты ақпаратпен қамтамасыз ете отырып, ел тынысының айнасы саналатын телеарна саласында өзіндік орныңызды қалыптастырып, күш-жігеріңіз бен зор талантыңыз арқылы білікті журналист ретінде елге танылып үлгердіңіз. Бүгінгі таңда қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін – журналистика саласында шығармашылықтың өрлеу биігінен көрініп, қалың жұртшылықтың шынайы алғысы мен құрметіне бөленіп, еліміздің ақпарат саласын дамыту жолында септігі мол серпінді жобалардың жүзеге асуына айрықша атсалысып келесіз. Алдағы уақытта да еліміздің тыныс-тіршілігін насихаттау жолында ақпарат айдынының алыбына айналған «Хабар 24» телеарнасында табысты еңбек етіп, абыройлы қызмет атқара беруіңізге тілектеспін. Мемлекеттік саясатты кеңінен насихаттау және ел ішіндегі өзекті мәселелерді жылдам әрі сапалы тарату жолындағы қажырлы қызметіңіз әрқашан жемісті болсын. Бүгінгідей мерейіңіз артқан сәтте қуанышыңызға ортақтаса отырып, шын ықыласыммен еліміздің болашағына бағытталған ірі де іргелі істеріңізге толайым табыс, сәттілік, өзіңізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді шаһар басшысы.
Еңбек жолын облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында бастап, кейін «Хабар 24» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі, аталған арнаның Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық бөлімінде Президенттік пул сапында арнайы тілші болып еңбек еткен. Бұған дейін Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ өкілдеріне арналған грантымен марапатталған.
«Ақмешіт-ақпарат»