ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ЖОЛ АШҚАН ЖЫЛ
Өткен аптаның сенбісінде А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде 2017 жылдың қорытындысымен үздіктерді марапаттау салтанатты шарасы өтті. Рәсім барысында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жүрекжарды лебізін білдірді. Атқарылған жұмыстар барысын саралап, алдағы міндеттер жөнінде таразылады.
Үстіміздегі жыл Қызылорда қаласы үшін жетістіктерге негіз қаланған кезең ретінде елдің есінде қалды. Сырдың бас шаһарында қол жеткен табыстар баршылық. Атқарылған ауқымды жобалар да аз емес. Бұл игілікті істердің барлығы халықтың жағдайын жақсартуға оң септігін тигізетін болады. Осындай жаңашыл бастамалар жөнінде жан-жақты баяндап берген қала басшысы санаулы күндерден кейін есіктен еніп, төрімізге озғалы отырған алдағы жылмен барша жұртшылықты құттықтады. Жергілікті тұрғындарға өз лебізін білдірді.
– Өтіп бара жатқан жыл біздің өңіріміз үшін де шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің, халық қалаған серпінді жобалардың орындалуымен ерекшеленді.
Халқымыздың «Мақсат – жетістіктің желкені» деген қанатты қағидасын ұстанып, дұрыс бағыт пен орынды мақсат қоя білсек, жетістіктің желкені жығылмайтыны анық. Әр жаңа жыл табалдырығында жақсылық пен жағымды жаңалық күтеміз. Ендеше келер жылы сол ойымыздағы арман-тілегіміз жүзеге асып, бақ-берекеміз таси берсін. 2018 жыл әр отбасына бақ-береке сыйлап, елімізге мол жақсылығы мен игілігін ала келсін! – деді қала әкімі.
Салтанатты шара барысында қаланың және өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар жерлестерімізге «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағы табыс етілді. Олардың арасында қаржы саласының ардагері Дайрабай Ысқақов, Н.Бекежанов атындағы драма театрының директоры Мұхит Әбдікәрімов, елімізге белгілі дәрігер Болатбек Баймаханов, Қазақстанның және өңірдің білім саласында жемісті еңбек еткен Жаңыл Жонтаева сынды жерлестеріміз бар. Сондай-ақ, шара барысында Елбасы жарлығымен берілген «Батыр ана» мемлекеттік наградасы 11 ақ жаулықты аналарға табысталды. Оған қоса қоғамның әр саласы бойынша толайым табыстарға кенелген 17 азамат «Жыл үздігі-2017» номинациясымен марапатталды. Ал, білім беру саласында жетістікке жеткен 10 ұстаз «Үздік мұғалім» грантына лайық деп танылып, олар 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы алды. Жастығына қарамастан өңір дамуына зор үлес қосып, аймақ мәртебесін биіктетіп жүрген кейінгі буын өкілдері «Самғау» сыйлығына қол жеткізді. Осының арқасында 10 азаматқа 100 мың теңге табыс етілді.
Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты. Жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан өз тартуларын жасады.
«Ақмешіт-ақпарат».