Есепке жүйріктер мектебі
Шаһардың 713 баласы білім алып жатқан Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейі өңірдің білім саласына елеулі үлес қосып келеді. «Математика – барлық ғылымдардың патшасы» дегендей, бұл білім ордасының оқыту бағдарламасы математика бағытына негізделген. Яғни мектепте есептеуде алдына жан салмайтын шәкірттер білім алады.
Мектептің іргетасы 1960 жылы қаланған және бастапқыда малшылардың балаларына арналған мектеп-интернат болып ашылған. Мектеп-интернаттың тұңғыш директоры болып Петр Александрович Ким қызмет еткен. Ал 1961 жылы күллі әлем назарын аударып, Ю.Гагарин ғарышқа ұшқан тұста Қызылорда қалалық атқару комитетінің қаулысымен мектепке Ю.А.Гагарин есімі беріледі. Бұл тұста басшылық қызметке Тұрсын Мешітбаев келіп, мектепте мәдениет және эстетикалық тәрбиеге аса мән берілді. Мектеп қабырғасында Қызылорда облыстық драма театрының әртісі Ә.Кәнетовтің басшылығымен драма үйірмесі ашылып, өнерпаз оқушылар қалаға жақын шаруашылық орталықтарына барып, спектакльдер қояды. Ал мектепті Әжмағанбет Барақбаев басқарған уақытта мектеп-интернатта республикада тұңғыш рет «Тәрбиешілердің педагогикалық озат тәжірибе мектебі» құрылады.
Бұл мектепте басшылық қызмет атқарғандар қатарында Бақытжан Бекішев, Салахмет Нағыметуллаев, Досмайыл Бекішов, Махан Бержанов есімді азаматтар бар. 1992 жылғы 4 наурызда облыс әкімінің шешімімен білім ордасы дарынды балалардың облыстық арнаулы интернаты болып өзгертілді. Кейін мектеп директоры болып Айғани Жәлиев тағайындалғанда облыстағы алдыңғы қатарлы мектептің біріне айналып, ұстаздардың шығармашылықпен айналысуына аса мән беріледі. Ал 2002 жылдан бастап директор қызметін Үміт Қажығалиқызы атқарған тұста мектепті «Алтын белгіге» тәмамдаушы түлектер қатары артады. Күләш Тұрсынқызы басшылық еткен тұста мектеп-лицей ҰБТ қорытындысы бойынша еліміздегі «Ең үздік 100 мектеп» қатарына енеді. 2013-2017 жылдар аралығында тарих ғылымының кандидаты Марат Спанұлы директор болып, мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөледі.
2017 және 2020 жылдар аралығында мектеп-лицейді Күміскүл Дүйсенқызы басқарып, білім ордасы облыстық білім басқармасының «Жаңашыл ойлар жаршысы» атағын иемденсе, басшы облыстық білім басқармасының «Білім беру ісінің үздігі» мен Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін алды.
«Жаңалықты жатсынбаймыз»
Бүгінгі таңда мектепте 25 сынып комплексі бар және 84 мұғалім қызмет етеді. Ұстаздардың 63-і білім беру мазмұнын жаңарту курсынан өткен. Оқушыларға 37 педагог-зерттеуші, 13 педагог-сарапшы мен 19 педагог-модератор сабақ береді.
– Мектебімізде білім мазмұнын жаңарту аясында жаңалықтарды енгізу қадамдары сәтті жүруде. Мәселен, жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуды алғашқылардың бірі болып енгіздік. Оған арнайы 9 ұстаз тілдік курстан өтіп, бүгінде нәтижелі жұмыс істеуде. Сонымен қатар оқушылардың «Ізденіс» ғылыми қоғамының жанынан «Ізденіс» жасыл академиясы ашылды. Одан бөлек жас мұғалімдер үшін «Шеберлікті шыңдау» клубы және «Ағылшын тілін үйренейік» үйірмелері жұмыс істейді. Қысқасы жаңа жүйелерді енгізуді қош көреміз, жаңалықты жатсынбаймыз, – дейді директордың бейінді ісі жөніндегі орынбасары Жұмагүл Төлегенқызы.
Мектептен саналы шәкірттің түлеп ұшуы үшін қажырлы еңбек етіп жүрген ұстаздар қатарында «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Балтабай Жәмішов, ҚР Білім беру ісінің үздігі Шұғыла Махамбетова, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Набат Жаппарова мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасының» иегері Жанхия Сарсенбаева бар. Еңбектері еленіп, халықаралық «Лучшие в образовании» энциклопедиясына Роза Бағыбаева, Майра Бекетова, Мұхтар Ысқақов, Жазира Жұмабекова және Феруза Жұбаниязова енген. Сондай-ақ мектеп-лицейдің ұстаздары тәжірибесімен бөлісу мақсатында «Уровневые задания по русскому языку», «Қазақ тілінен дидактикалық материалдар жинағы», «Қазақ тілінде жүргізілетін жазба жұмыстары» атты әдістемелік құралдар әзірлеген.
Мектеп түлектерінің сыналар сәті ҰБТ тапсыруда да шәкірттер көш бастаудан қалған емес. Мәселен, соңғы үш жыл көлемінде мектеп түлектерінің жеңіп алған мемлекеттік грант саны – 120, «Алтын белгі» иелері – 12 және «Үздік аттестатқа» тәмамдаған оқушылар саны – 10.
Жеңіс төріндегі шәкірттер
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық пәндік олимпиадалардың қалалық кезеңіне 33 оқушы қатысқан. Нәтижесінде екі оқушы І орынды иеленсе, сегіз оқушы ІІ, бес оқушы ІІІ орынға лайық деп танылған. 8 сынып оқушылары арасында химия, биология, география пәндерінен өткен облыстық олимпиадада Балнұр Сұлтанғазы биология пәнінен ІІ орын, Ирада Мұсаева химия пәнінен ІІІ орын және Асхат Ералы география пәнінен ІІІ орын иеленген.
– Республикалық «Зерде» ғылыми жоба конкурсының қалалық кезеңінен 4 оқушымыз жүлделі оралса, облыстық кезеңіне 2 секция бойынша үш оқушы қатысып бас жүлдемен оралды. Ал республикалық кезеңде Айша Қуаныш пен Саяна Саятқызы жүлделі ІІ орынды иеленді. Сондай-ақ оқушылар «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен өткен конкурстың, «Табиғатты аяла» форумының облыстық кезеңінің және жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Мамандықтар әлемін ашамыз» атты эссе байқауының жеңімпаздары атанды, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мұстақұл Көшербай.
Биік белестегі түлектер
Ұстаздың еңбегі ақталғанын шәкіртінің жеткен жетістігіне қарап білуге болады. Бұл мектептің түлектері бүгінде өздеріне артылған үмітті ақтап жүр, жұрт оларды мақтап жүр.
Мақтаулы шәкірттер қатарында Гүлназ Салмырза бар. Ол осы мектептің түлегі, қазіргі таңда өз ұстаздарымен әріптес болып, өзі оқыған мектепте физика пәнінен сабақ беруде. Мектеп түлегі Серік Шамран қаладағы «Су жүйесінде» бас маман болып қызмет етеді. Ал мектептің 2009 жылғы түлегі Марс Данияр Алматыдағы С.Асфендияров атындағы университетті тәмамдап қазір Швейцарияда хирург болып жұмыс істейді. Үлгілі шәкірттер қатарында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Бизнес-Start» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығының жетекшісі Жандос Оразмаханов та бар.
Қысқасы №15 мектеп-лицейдің түлектері өмірдің биік шыңдарын бағындыруда елеулі еңбек етіп жүр. Мектеп ұстаздары әрбір шәкірттің болашағына сеніммен қарап, кемел келешегі үшін қызмет етуде.
Заманауи үйірменің үйретері көп
Қазір жаһанда ақпарат пен технология қарыштап дамуда. Уақыт өткен сайын ғалымдар жаңалық ашып, түрлі жетістіктерге жетуде. Әсіресе, робот жасап, оларға түрлі бағдарламалар енгізушілер қатары артты. Бұл бағытта адамзаттың жасы да, кәрісі де тынбай еңбектеніп жатыр. Қазіргі таңда елімізде мектеп оқушыларына бұл саланы үйрету жұмыстары қарқынды. №15 мектеп лицейде де осы бағытта арнайы үйірме бар.
Жас ІТ-мамандарға мектептің информатика пәнінің мұғалімі Жарқынбек Оразбаев тәлімгерлік етеді. Мектеп кезінен-ақ компьютерге түрлі бағдарламалар енгізіп, жаңғыртуды жаны сүйген маман қазір шәкірт тәрбиелеуде.
– Қазіргі таңда өзін дамытқысы келетін адамға интернет желісі көп көмек тигізеді. Онымен қоса өскелең ұрпақтың ақпараттық технологияға, компьютерге деген қызығушылығы жоғары. Бүгінде мектептерде «Робототехника» үйірмесі ашылды. Біздің мектепте бұл үйірме 2017 жылы ашылып, қазіргі таңда оқушылар республикалық, халықаралық деңгейде жеңіске жетіп жүр. Мәселен, 9 сынып оқушыларымен екі жылдан бері осы үйірме аясында жұмыс істеудеміз. Бүгінде олар «Сумо» роботын жасап, республикадан екінші, халықаралық байқаудан үшінші орынды иеленді, – дейді Жарқынбек Оразбаев.
Бұл роботты оқушылар «LEGO EV3» конструкторынан жасап, арнайы бағдарлама енгізген. Жапондық күрестің негізінде жасалған роботтардың мақсаты – бірін-бірі белгіленген сызықтан шығарып жіберу. Сондай-ақ оқушылар өздерінің қызығушылығы бойынша жарысатын көліктер, кедергілерді анықтайтын «танковод» секілді роботтарды жасап шығарған.
Елдегі ІТ-технологияның дамуына сенетін және дамыту үшін бар үлесін қосатын жас маманның алдағы уақытқа жоспары көп. Соның ішінде қазіргі таңда ол оқушыларымен криптовалюта бойынша жоба дайындауда.
31 жыл тарихтан сабақ берген
№15 мектеп-лицейде жұмыс істейтін білікті мамандар қатарын аз деуге әсте келмейді. Сол ұстаздардың бірі – 31 жылдық еңбек өтілі бар тарих пәнінің мұғалімі Набат Жаппарова. 1989 жылы Қызылордадағы педагогикалық институттың тарих бөлімін бітірген ұстаз бүгінде жоғары санатты «зерттеуші-педагог». 2005 жылдан бері №15 мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін жанның бұл мамандықты таңдауға өз ұстаздары Шарман Асемова, Майраш Ибатуллаева апайлары себеп болған.
– Ұстаздарымның маған сабақ бергендері, дауыстары әлі жадымда сақтаулы. Сол жандардың арқасында мен де ұстаз атанып, шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Нәтижесінде Мейрамбек Шөкенов, Олжас Рамазанов секілді шәкірттерді тәрбиеледім. Оқушыларыммен кездескенде өз алғыстарын білдіріп, мерейімді арттырады. Міне, сол үшін дәл осы мамандықты таңдағаныма қуанамын, – дейді Набат Махмұтқызы.
Білікті де білімді ұстаз қазіргі оқушылардың өз пәніне деген сүйіспеншілігі жоғары екенін жасырмады. Әсіресе, баланың туған жерінің тарихына деген қызығушылығын арттыруда тарихи кинолардың әсері ерекше екенін айтты. Одан бөлек жоғары сыныпта Ұлттық бірыңғай тестілеуде негізгі пән саналатындықтан, оқушылар бұл сабаққа көп көңіл бөледі. Сөз арасында тарих пәнінің мұғалімі әлемді әбігерге салған пандемияның әсерінен өзгерген білім жүйесінің жақсы тұстары бар екенін де айтып қалды.
– Әрине, дәстүрлі білім беру жүйесі жеңілірек. Өйткені оқушыларды көзбе-көз көріп, сабақты түсіндірген оңай. Десе де осы онлайн жүйе кейбір оқушылардың ашылуына сеп болды. Бұрын 40 минут уақытта барлық оқушы сабақ айтып үлгермейтін. Қазір сол кезде көп көрінбеген оқушылар ашылып, жүктелген тапсырмаларды уақытылы орындап жүр, – дейді тарих мұғалімі.
Болашақ ала доптың шеберлері
Мектеп-лицейде білімнен бөлек спорт саласына да аса мән берілген. Бүгінде оқушыларға дене шынықтыру пәнінен Қорқыт ата атындағы ҚМУ түлегі Ержан Мәліков пен Болашақ университетін тәмамдаған Бауыржан Дүйсеков сабақ береді. Бір атап айтарлығы, мектеп оқушыларына арнап футбол үйірмесі жұмыс істейді.
– Оқушылардың спортқа деген қызығушылығы жоғары деңгейде. Көбіне воллейбол, футбол, баскетбол мен үстел теннисін ойнағанды ұнатады. Сонымен қоса мектеп қабырғасында футбол үйірмесі бар, ол жерде 40-тан астам болашақ футболшылар тәрбиеленуде. Осы кезге дейін «Соса-Соlа былғары доп» секілді жарыстарда жеңіске жеткенбіз, – дейді жас бапкерлер.
Айта кетерлігі, Ержан Мәліков бұрын «Қайсар» футбол клубында қызмет еткен. Сондықтан енді өңірдегі футболдың дамуына жас шәкірт дайындау арқылы үлес қосуды көздеп отыр. Бүгінде әріптесі екеуінің еңбегі ақталып, шәкірттері биік шыңнан көрінуде. Әсіресе, жас спортшылар Барысхан Исақожаев пен Мадияр Кеңесбайдың болашағына ұстаздары сенім артады. Шәкірттері сенімді ақтап, FC KAYSAR U-21 тобында өнер көрсетіп те жүр.
Жасыл академия
Білім ордасындағы жаңалықтың бірі – 2017-2018 оқу жылында «Ізденіс» жасыл академиясының ашылуы. Академия оқушылардың «Ізденіс» ғылыми қоғамының жанынан ашылып, оқушылардың биология, химия және география сияқты пәндерді теориясымен қатар тәжірибеде меңгеруге мүмкіндігі туды.
Жалпы көлемі 200 шаршы метр болатын жоба БҰҰ «Даму» бағдарламасы аясында грантты ұтып алу арқасында жүзеге асты. Құны 2 млн 500 мың теңге болатын жобаға қаржылай демеушілікті «Самсунг» компаниясы жасады. Жобаны жүзеге асыруға ардагер-ұстаздар, мұғалімдер, қызметкерлер, ата-аналар мен оқушылар қатысуда. Түрлі тақырыпта зерттеу жүргізіп, ғылыми жоба дайындайды. Академия Қызылорда мемлекеттік университетімен, «Ыбырайхан-К», «Мағжан-К» шаруашылығы және «Рухани жаңғыру» орталығымен тұрақты байланыс орнатқан.
Мектеп-лицей оқушылары бүгінде Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың биология ғылымдарының кандидаты Р.Құрманбаевпен бірлесе жоба жасап, облыстық, республикалық жарыстардан жүлдегер атанып жүр. Қазірде «Ізденіс» жасыл академиясының жылыжайында 450 түп «Зено» сортындағы қияр егілген және жалбыз, салат жапырақтары, көк жуа, бөлме гүлдері өсірілуде. Өсімдіктерді күтіп-баптауға биология пәнінің мұғалімі Күміскүл Серекеева басшылық етеді.
Кітапсүйер оқушы көп
Мектеп кітапханасының қорында 31251 кітап бар. Оның ішінде 5472 көркем-әдебиет болса, 163 электронды кітап бар. Кітапханашы Зухра Байбулованың айтуынша, мектеп кітапханасының 764 тұрақты оқырманы бар.
– Қазіргі таңда оқу онлайн режимде өтіп жатқандықтан оқырман саны аз болып тұр. Дегенмен оқырмандарыммен байланысты жоғалтпас үшін электронды кітаптармен қамтамасыз етуге тырысамын. Сондай-ақ мектеп оқушылары көркем әдебиетті, Абай Құнанбаевтың кітаптарын оқығанды жақсы көреді. Көбіне оқырман тарту үшін мектеп оқушыларымен көпке үлгілі, танымал жерлестерімізбен кездесу ұйымдастырамын, – дейді кітапханашы.
Қорда сақталған кітаптар қатарында ерекше кітап көп. Мәселен, мектеп кітапханасында ардагер ұстаз Ділдахан Торғаеваның, журналист, ақын Толқын Қабылшаның қолтаңбалары қойылған кітаптар бар. Сонымен қатар кітап оқуда мектептің жоғары сынып оқушылары белсенді. Соның ішінде кітапханашы өзінің Алуа Тұрарқызы атты оқырманына дән риза. Түрлі сайыстардың жеңімпазы атанып жүрген оқушы кітап оқудан да алдына жан салмайды.
Карантиндегі мектеп
№15 мектеп-лицейде бастауыш сынып жоқ, ең кішкентайлары 5 сыныпта оқиды. Осы кезге дейін онлайн режимде сабақ беріп келген мектеп кезекші сыныпты енді ашты. Қазіргі таңда 5 сынып оқушылары мектепке келіп оқып жүр.
– 5 сынып оқушылары бастауышты өткен жылы бітірді. Ал І тоқсанда біз оларды көрмедік, яғни бұған дейін оларға онлайн сабақ бердік. Сондықтан да оқушылар енді-енді мектеппен, сыныптастарымен, мұғалімдермен танысып жатыр. Алайда дәстүрлі түрде, оқушылардың мектепке келіп оқып жүргені жұмысымды ілгерілетті. Себебі көз алдыңда отырған оқушыға сабақ беру де, сабақ сұрау да жеңілірек, – дейді 5 «Ә» сыныптың жетекшісі Әсел Торы.
Мектепте карантиндік талаптар сақталған. Оқушылардың бетпердемен келуі, дене қызуы әрдайым мамандар бақылауында. Сыныптар уақытылы кварц шамы арқылы залалсыздандырылып, сүртіліп-желдетіліп отырады.
– Бүгінде санитарлық талапты сақтауға мектептегі барлық құрал-жабдықтар жеткілікті. Оқушылардың дене қызуын таңертең тексеріп, оқушыларды тіркейміз. Олар қазір антисептиктерді жиі қолданып, тазалықты сақтауды әбден үйренді, – дейді мектеп медбикесі Ардақ Батырханқызы.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ