"ҚАЙСАРДЫҢ" ЭКС-ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ "ЕКІБАСТҰЗДЫҢ" БАС БАПКЕРІ БОЛЫП БЕКІТІЛДІ
Қайсардың экс-жаттықтырушысы Александр Москаленко Бірінші лигадағы «Екібастұз» футбол клубына бас бапкер болып бекітілді деп жазады sportsffa.kz.
Бүгін «Екібастұз» көпшілікке бас бапкерін таныстырды. Команданы 2018 жылғы футбол маусымында Александр Москаленко жаттықтырады.
Футболшы ретінде 2001 жылы «Астанамен» бірге ел кубогының жеңімпазы атанған Александр Москаленко Теміртаудың «Болатында», Өскеменнің «Востогында», Қарағандының «Шахтерінде», оңтүстік астанамыздың «Алма-Ата» командасында және Қызылорданың «Қайсарында» доп тепкен. 2011-2015 жылдар аралығында «Болатты» жаттықтырып, 2015 жылы Бірінші лиганың үздік бапкері аттанған. 2016 жылы Қызылорданың «Қайсарында» бас бапкердің бірінші ассистенті болып, Сыр командасының Премьер-лигаға шығуына үлкен үлесін қосты. Былтыр Стойчо Младеновтің көмекшісі болды.
Енді 2018 жылы Александр Москаленко Бірінші лигадағы ең «кедей» клубтардың бірі «Екібастұзды» жаттықтырады. Дегенмен, «Екібастұз» бұрынғы бапкері Виталий Спарышевті де клуб құрылымында сақтап қалып, спорт директоры қызметіне ауыстырды. Естеріңізге сала кетейік, «Екібастұз» футбол клубының ойыншылары мен қызметкерлері өткен жылдың шілдесінен бері жалақы ала алмай келді. Тіпті, бұл туралы Виталий Спарышев та бізге сұхбат беріп, шағымын айтқан болатын.