ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ СЫР ӨҢІРІНДЕ

Халық қалаулылары өңірге Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында келген. Олардың негізгі мақсаты – өңірлерде атқарылған жұмыстарды саралап, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуын қадағалау, жергілікті жұртшылықтың көкейкесті мәселелерін тыңдау. Іс-сапардың алғашқы күні депутаттар қаладағы құқық қорғау қызметтері орталығының жұмысымен танысты. Облыс прокуроры Халидолла Дауешов пен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қонақтарға орталықтың қызметі туралы мәлімдеді.
– Бүгінде орталық «бір терезе» қағидаты бойынша арнайы орындармен және қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Мұнда жеке және заңды тұлғалар мен кәсіпкерлер прокуратура, ішкі істер, әділет органдары, әкімдік қызметкерлерінен, ХҚКО-дан қажетті кеңестер ала алады. Сондай-ақ, осында келіп, кез келген құқықтық дау бойынша сауалдарына жауап алады. Мұндағы әрбір маман қажетті көмек пен кеңес береді, – деді аймақ прокуроры Х.Дауешов.
Осыдан 4 ай бұрын ашылған орталыққа бүгінге дейін 850-ден астам тұрғын келген. Содан соң, қалалық мәслихаттың мәжіліс залында сенаторлар мен облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері бас қосты. Кездесу барысында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттер талқыланды.
Одан кейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында халық қалаулылары қоғамдық қабылдау өткізді. Онда өзекті мәселелер көтеріліп, жұртшылықтан түскен сауалдарға тұшымды жауап алынды. Ал, «Достық үйінде» ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов облыс ардагерлерімен жүздесті. Айта кету керек, басқосу барысында медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Парламент депутаттарының іс-сапары келесі кезекте аудандарда жалғасты.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.