БАНКТІК ПОРТФЕЛЬДЕРДІ «НАШАР» НЕСИЕДЕН АРЫЛТУ ІСІН АЯҚТАУ ҚАЖЕТ - Н.НАЗАРБАЕВ
Банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтау қажет. Бұл жайында бүгін республикалық басылымдарда жарияланған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтау қажет. Ол үшін банк иелері шығындарын мойындай отырып, экономикалық жауапкершілік алуға тиіс. Акционерлердің аффилирленген компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс болып саналуға тиіс. Ұлттық Банк мұндай істерге немқұрайлы қарамау керек. Әйтпесе, мұндай мемлекеттік органның не керегі бар? Ұлттық Банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуға тиіс», - деді Елбасы Жолдауында.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік беретіндігін баса атап өтеді.
«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тездету қажет. Сонымен қатар 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін халыққа берілген валюталық ипотекалық займдар жөніндегі мәселені Ұлттық Банкке толығымен шешуді тапсырамын. Сол күннен бастап аталған валюталық займдарды жеке тұлғаларға беруге заң жүзінде тыйым салынған болатын. Ұлттық Банк пен Үкімет экономика салаларындағы нақты тиімділікті есепке алатын ставкалармен бизнеске ұзақ мерзімді несиелендіруді қамтамасыз ету мәселесін бірлесіп шешуге тиіс», - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруы және қор нарығының дамуы маңызды болып саналатындығына да тоқталады.
«Бұл - жұмысын бастаған «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі міндеттерінің бірі. Ол халықаралық озық тәжірибені пайдаланып, ағылшын құқығы мен заманауи қаржы технологияларын қолданатын өңірлік хабқа айналуға тиіс. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» ұлттық компанияларының акцияларын IPO-ға табысты түрде шығару қор нарығын дамытуға септігін тигізеді», - деді ҚР Президенті.