СЫРДАРИЯДАҒЫ СУ ДЕҢГЕЙІ
Былтыр Сыр өңірінде су тасқынының алдын алу мақсатында Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетінің 96 қауіпті учаскесін қалпына келтіру белгіленді. Бүгінде межеленген іс толығымен аяқталды.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағанбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі кезде біздің өңірге жоғарыдан келіп түсіп жатқан су көлемі секундына 640 текше метрді құрауда. Қызылорда су торабына дейінгі каналдар арқылы барлығы 110 (оның ішінде каналдармен 76, су шығыны және арналарға жайылу 34) текше метр су алынуда. Ал, тораптан төменге секундына 530 текше метр су өтуде. Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында мұз толықтай ұстасса, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы өзенде мұндай жағдай көрініс беріп отырған жоқ.
Өткен жылы мұз кептелісі салдарынан әуежай аймағындағы Аэропорт, ПМК-29, ПМК-112 саяжайлары тұсында өзеннің ескі арнасы толысып, ішкі каналға көп мөлшерде су түсті. Осының салдарынан біршама үйлердің ауласына су жайылған. Бүгінде бұл жағдайдың алдын алу үшін канал жағалауынан ұзындығы 100 метр аумақ топырақпен бөгелді. Сондай-ақ, қала маңында орналасқан шаруа қожалықтар қауіпсіз жерге көшірілді.
Қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов су тасқынына қарсы шараларға пайдаланылатын материалдық-техникалық қорлар, қажетті материалдар сақадай-сай екенін жеткізді. Мәселен, қазір «Казавиаспас» АҚ-мен келісім-шарт арқылы екі тікұшақ дайын тұр. Ал, мұз жару жұмыстарын жүргізуге алдын ала арнайы мамандандырылған мекемемен келісім жасалған.
Қазіргі кезде саяжайлар мен елдім екендер тұсында жерасты суы көтерілуде. «Қазсушар» өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетовтің айтуынша, бұл – қалыпты жағдай. Өйткені, ол жылда қайталанатын көрінеді. Осыған орай біршама шаралар қолға алынған. Атап айтсақ, 260 метр қорғаныс бөгеті күшейтілді. Оған 7 арнайы техника 15 адам күші жұмылдырылған.
Бүгінде Сырдария өзені арнасындағы су жағдайы бірқалыпты. Себебі, елді мекендер мен стратегиялық маңызы бар нысандардың айналасындағы ахуал тұрақты. Десе де, жағдай – қатаң бақылауда.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ.