ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде 2018 жылға дәрі-дәрмектердің кезекті 84 атауы сатып алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Атап айтқанда, «СҚ-Фармация» кезекті сатып алу рәсімінің қорытындысын шығарды. Осылайша, бұрын сатып алынғандарға тағы 41 тегін препарат қосылды. Олардың арасында гипертензияға қарсы препараттар, антибиотиктер, сондай-ақ онкологиялық, өкпе аурулары, АИТВ, гемофилия, гепатит және басқа да сырқаттары бар науқастарды емдеуге арналған дәрілер бар.
2018 жылғы 15 қаңтарда Бірыңғай дистрибьютердің сайтында жылдың алғашқы үш айында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін бұрын сатып алынбаған препараттар бойынша сатып алу қорытындысының хаттамасы жарияланды. Бұдан басқа, қазірге дейін ұзақ мерзімді шарттар бойынша отандық өндірушілерден тағы 39 және шетелдік өндірушілерден тікелей 4 дәрі-дәрмек түрі қосымша сатып алынған. «Осылайша, бүгінге дейін Бірыңғай дистрибьютер дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы заттардың 971 атауын сатып алды. «СҚ-Фармация» деректеріне сүйенсек, қазірдің өзінде тегін стационарлық және амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін сатып алынатын медикаменттер тізіміне енетін 1192 атаудың 82 пайызын сатып алу жүргізілген. Енді өнім берушілермен шарттар жасалуда, олар бойынша тауар Бірыңғай дистрибьютердің қоймаларына ақпан айында жеткізіле бастайды», – делінген таратылған баспасөз баянында. Сонымен қатар, ауруханалар, емханалар мен тегін препараттар тарататын дәріханалар үшін Бірыңғай дистрибьютердің қоймаларында бар дәрілік заттарды жөнелту басталып кетті. Жаңадан сатып алынған препараттарды жөнелту медициналық ұйымдармен бекітілген кестеге сәйкес басталатын болады. «Осы тұста қазіргі кезде сәуір айынан желтоқсан айына дейінгі дәрілік заттарға 9 айлық қажеттілікті сатып алу үшін екі кезеңдік тендерлік процедуралар өткізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Тендер қорытындысы 2018 жылғы 2 ақпанда шығарылып, дәрі-дәрмекті жеткізу наурыз айында басталатын болады», – деп нақтыланды «СҚ-Фармация» баспасөз қызметінен.
Дереккөз: inform.kz