МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Қазалы ауданының әкімі Мұрат Нәлхожаұлы Ергешбаев Ғ.Мұратбаев ауылдық округінде мемлекет қолдауымен мал өсірумен айналысып, ісін дөңгелетіп отырған Бақыт Әбілтаевтың тұрғын үйі жанынан ашылған мал бордақылау алаңына барды.
Ол 2014 жылы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарлама аясында 2,5 млн. теңгенің несиесін алып, қой бордақылауға кіріскен.
Еңбек түбі – береке. Тамшылата төккен тердің арқасында мемлекеттің берген ақшасын мерзімінен бұрын төлеп құтылыпты. Кейін тағы да аталған бағдарлама бойынша ірі қара малын көбейтуге 3 млн. теңгеге мал алады. Мал санын көбейтуге күш салған кәсіпкер қорасындағы 100-ге жуық ірі қара мен 250-дей қойдың бағымын келістіре жүргізіп отыр.
Мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланып, отбасылық кәсіппен айналысып отырған кәсіпкер арнайы келген аудан басшысын жұмысымен таныстырып, болашақта мал бордақылайтын алаң салу үшін ауыл сыртынан жер алғанын, мемлекет тарапынан соған су, жарық тартылып берілсе деген ұсынысын жеткізді.
Өз кезегінде аудан басшысы кәсіпкердің бұл бастамасын оң бағалап, инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге көмек көрсетілетінін жеткізді.