ҚЫЗЫЛОРДАДА «АҚЫЛДЫ ҚАЛА» ЖОБАСЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ
«Ақылды қала» жобасы аясында көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберісіне бейнебақылау камерасы орнатыла бастады. Оның бір ерекшелігі – пәтер иелері ұялы телефон арқылы өз үйінің қауіпсіздігін бақылай алады. Алдағы уақытта мұндай құрылғылармен тағы 81 көпқабатты үй жабдықталмақ.
Жаңа технология жер қатынастары саласына да серпін береді деп күтілуде. Мәселен, елемізде бірінші болып Қызылордада GPS геодезиялық құралы мен ArcGis (АР ГИС) бағдарламасы қолданысқа енгізілмек. Бұл жер иелену кезіндегі заң бұзушылықтарды анықтау уақытын 15 күннен 2 күнге дейін қысқартады. Қаланың халық көп шоғырланатын демалыс орындары мен саябақтарда ақпараттық ресурстарға және мемлекеттік көрсетілетін электронды қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Wi-Fi тегін интернет желісін енгізуге «Orda Wi-Fi» жобасы қолға алынуда. Бірінші кезеңде, пилоттық режимде орталық Ы.Жахаев көшесі бойына орнатылады. Бұл бағытта, қалалық бюджеттен 3 млн. 500 мың теңге бөлінді. Қалалық бюджеттен бөлінген 1 млн 200 мың теңгеге қала тұрғындары мен қала қонақтарының қала әкімдігімен тікелей байланыс жасау және мәселелерді дер кезінде шешуге арналған мобильді қосымша іске қосылады. Жақын күндері қалада бұрын соңды болмаған жаяу жүргіншілер көпірі де пайдалануға беріледі. Жібек жолы көшесі бойынан салынған бұл өткелге мүмкіндігі шектеулі жандар лифт арқылы көтеріліп, түсетін болады.