БЕКЗАТ ӨНЕРДІҢ БИІГІ
Өткен аптада «Мұз айдыны» спорт кешенінде мәнерлеп сырғанау шебері Элизабет Тұрсынбаеваны қолдау шарасы өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Аймақ басшысы өрелі биіктерге өрлеген өренге енді санаулы күнде алауы жағылатын қысқы Олимпиада ойындарында жеңіске жетуіне тілектестігін жеткізді.
– Соңғы кездері өңірдегі жас спортшылар жергілікті жұртшылықты республикалық, халықаралық жарыстардағы жоғары жетістіктерімен жиі қуантып жүргені белгілі. Былтыры жыл қорытындысы бойынша жерлестеріміз әлем, Азия чемпионаттарында 88 медальді иеленді. Шайбалы хоккейден балалар командасы ел біріншілігінде күміс жүлде алды. Байрақты бәсекелерге Сыр өңірінен қатысатын спортшылардан үлкен үміт күтеміз! Қысқы Олимпиада ойындарында бақ сынайтын Элизабет қызымызға Сыр жұртшылығы атынан сәттілік тілейміз! – деді облыс әкімі.
Элизабет Тұрсынбаева – Қазақстан чемпионы, елімізде 2017 жылдың үздік жас спортшысы, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері. 2016 жылы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында қола жүлде жеңіп алды. Былтыр Саппородағы қысқы Азия ойындарында да үшінші орынға ие болды. Оның әкесі Байтақ Сыр өңірінің тумасы болғанмен, өзі 2000 жылдың 14 ақпанында Ресей астанасы – Мәскеу қаласында дүниеге келген. Осыдан оншақты жылдай бұрын сол шаһардағы «Москвич» эксприменттік жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алды. Сондай-ақ, Элизабет Алматы қаласының дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты мен Мәскеудегі орталық әскери-спорттық клубында жаттыққан. Ресей астанасындағы №37 балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резервтер мектебінде шеберлігін жетілдірді. Ұзақ жылдардан бері Қазақстан чемпионатының алтынын ешкімге ұстатпай келеді. 2011 жылы Германияның Дортмунд қаласында өткізілген халықаралық турнирде қола медальға қол жеткізген. Одан басқа Қазақстан мен Ресей жарыстарында бірнеше мәрте жүлдегер атанған. Элизабет 2014 жылғы Сочи Олимпиадасына қатыса алмағанымен, ашылу салтанатында өнер көрсетті. 2018 жылы аталмыш дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орынның бірінен көрінсем деп алдына мақсат қойып отыр.
Сондай-ақ, Элизабетті қолдауға арналған шараға ағасы Тимур Тұрсынбаев та келді.
– Жерлестерімнің осылайша қарындасыма қолдау көрсетіп жатқанына қуанамын. Осының бәрі Элизабеттің айдынға шығарда сеніммен шығуына ықпал етеді. Қазіргі уақытта ол жерлестері тарапынан өзіне демеу күтетіні анық, – деді Т.Тұрсынбаева.
Төрт жылда бір рет жалауы желбірейтін XXIII қысқы Олимпиада биыл 9-25 ақпан аралығында өтеді.
Оған әлемнің 80-нен астам елінен 5000-ға жуық спортшы мен ресми тұлға келеді деп күтілуде. Дүбірлі дода барысында 15 спорт түрі бойынша 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ал, қазақстандық оғландар Пхенчхандағы додада 9 сайыс түрінен бақ сынауды жоспарлап отыр. Атап айтсақ, отандастарымыз биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру, шана спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл (акробатика, могул) секілді сайыс түрлерінен бақ сынайтын болады.
Спорт кешеінде өткен қолдау шарасы аясында облыс мақтаныштары шайбалы хоккейшілер, шорт-трекшілер және мәнерлеп сырғанаушылар жерлесімізге зор қошеметпен өнер көрсетті. Содан кейін мәнерлеп сырғанаудан республикалық, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері Жансая Есен, Алина Жанділдаева, Манас Бекташов жеке бағдарламаларда айдынға шықса, Элизабеттің ағасы Тимур Тұрсынбаев та ортада өз өнерін көрсетті.
Жалпы, облыста қысқы спорт түрлері топтары 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Облыс тарихында бұрын болмаған қысқы спорт түрлеріне талпынған жастардың қатары артып келеді. Қазіргі таңда 300-ге жуық өрен сол сайыс иүрлерінің қыр-сырына қанығып жүр.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.