ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҢА ТЕЛЕАРНА АШЫЛАДЫ
2018 жылғы сәуір айынан бастап елімізде экология тақырыбына арналған телеарна жұмыс істейтін болады. Бұл туралы «Жаңартылған энергия көздері туралы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізудің концептуальдық негіздерін талқылау» атты республикалық ғылыми конференцияда «Байтақ Болашақ» РҚБ президенті Азаматхан Әміртай мәлім етті, деп хабарлайды.
«Біз экология тақырыбында телеарна ашуды жөн көрдік. Телеарнаның негізгі контенті жастарға бағытталады. Неліктен жастарға екенін де айта кетейін. Жастар мен жасөспірімдер экология тақырыбымен жиі айналысады әрі белсенді болып келеді. Оларды осы мақсатқа тереңірек баулысақ жақсы нәтиже береді деп ойлаймыз», - деді А.Әміртай.
Экологиялық альянс президентінің айтуынша, телеарна ашуға қазіргі уақытта барлық жағдай жасалған.
«Телеарна ашу үшін тиісті жиілікті сатып алдық. Техникалық дайындықтары жүріп жатыр. Алдағы сәуір айында отандастарымыз жаңа телеарнаны тамашалайтын болады», - деді ол.
Сонымен қатар, аталған жиын кезінде есеп берген Азаматхан Әміртай экологиялық альянстың «Таза ел» атты газеті де жарыққа шыққанын атап өтті.
«Телеарна ашардан бұрын газет ашып та көрдік. Жақсы сұранысқа ие болып отыр. Қоғамды экология мәселесі бейжай қалдырмайтыны қуантады», - деп сөзін түйіндеді ұйым басшысы.
inform.kz