Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » БАЛАЛАР ХИРУРГІ

БАЛАЛАР ХИРУРГІ

  Балалар дәрігері мамандығын таңдауға екінің бірінің батылы бара бермейді. Өйткені, тілі шықпаған, қай жерінің ауыратынын айта алмайтын бүлдіршінді емдеу қиынның-қиыны. Оған сезімталдық пен үлкен  жауапкершілік қажет-ақ.
Облыстық балалар ауруханасында дәрігер-хирург қызметін атқаратын Болат Маханбетияров жарық дүние есігін енді ашқан шақалақтарға ота жасайды. Әрине, дүниеге дімкәс күйде келген сәбиді емдеу, оны аман алып қалу – ақ халатты абзал жанға артылған жауапкершілік. Сондықтан олар науқас балаға қайта өмір сыйлау үшін  күреседі.
Біздің кейіпкеріміз – Болат Үмбетиярұлы 1984 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келді. Титов қыстағындағы №173 Ә.Молдағұлова атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсіп, педиатрия мамандығын алып шықты. Ақтөбе облысының балалар ауруханасында балалар хирургиясы бойынша интернатураны тәмәмдағаннан соң, туған топыраққа қадам басты. Облыстық медицина орталығына қызметке орналасты. Алғаш еңбек жолын балалар хирургі болып бастаған ол 2009 жылдан бері бөлім меңгерушісімен бірігіп, дүниеге келген нәрестелердегі ақауларға ота жасауға қатысты.
Ал, 2011 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы В.А.Алмазов атындағы ұлттық медициналық зерттеу орталығында неонаталді хирургия бойынша білімін жетілдірді. Өз қызметіне қайта келгеннен кейін науқастың ата-анасына кеңес беріп, жеңіл, алғашқы кезеңдегі оталарды өзі істей бастады. 2016 жылы ресейлік аталған орталыққа қайта оқуға барып келді. Сол кезден бері аурудың барлық түріне отаны жеке жасау мүмкіндігі туды. Осылайша ол аймақтағы мықты неонаталді хирургтардың біріне айналды. Бүгінге дейін өңеш атрезиясы, асқазан-ішек жолдарының даму ақаулары мен диафрагмальды жарықтар дерттері анықталған сәбилерге ота жасады. 
Ол бала күнінен адам жанына араша болғысы келетін еді. Арманы алдаған жоқ. Оның ендігі мақсаты – антына адал мықты дәрігер болу. Сондай-ақ, туа бітті ақаулары бар сәбилердің  болашағына жарқын жол ашып, қайта жарық сәуле сыйлау – негізгі міндеті.   
– Соңғы жылдары науқас нәрестелер қатары артты. Оны көбінесе   экологияның салдарынан туындап отырған мәселе деп қараймыз. Алайда, оған күнделікті тұтынатын тағамдардың құнарсыздығы да тікелей әсер етуде. Сондай-ақ, ересек адамдардың уақытылы дәрігерге көрінбеуі, ішімдік ішіп, темекі тартуы өз зиянын тигізіп отыр. Осыдан кейін ауру бала дүниеге келуде. Сондықтан болашақ ата-ана баланы жоспарламай тұрып, алдын-ала өз денсаулықтарын тексеруден өткізіп алғандары жөн. Айта кету керек, қазір физикалық қимыл-қозғалыс та өте аз. Оның үстіне соңғы жылдары адамдардың басым көпшілігі, әсіресе, жастар тез әрі дәмді дайындалатын фаст-фуд тағамдарына үйреніп алды. Қазір газды сусындарды да көп қолданамыз. Сондай-ақ, уақытылы ұйқыны да ұмыттық. Қарап отырсаңыз, кейбір адамдар үнемі күйзелісте, ашуланып жүреді. Міне, осының бәрі денсаулыққа кері әсерін береді. Әсіресе, мұндай жағдай іштегі шарананың жетілуін бөгейді. Сөйтіп, аз салмақтағы бала дүниеге келеді. Айта кететін тағы бір жайт, жүкті әйелдің мерзімінен бұрын босануы өзекті мәселеге айналып отыр. Осының салдары аш және тоқ ішектің шіруіне әкеп соқтыруда. Бүгінде бұл жағдай тек бізді емес, әлемдік деңгейдегі мамандарды да алаңдатуда. Өйткені, ол – күрделі ақаудың бірі, – деді кейіпкеріміз.
Расында, біз  өз денсаулығымызға салғырт қараймыз. Мәселен, жүктілік кезінде басым көпшілігі тұмау болса да, дәрігерге қаралмай, үй жағдайында емделеді. Бірақ, саналы дені сау ұрпақты өмірге әкелуді барлық ана қалайды. Алайда, ол үшін ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жөн секілді.
Осы салада 10 жылға жуық жемісті еңбек етіп жүрген дәрігердің жеткен жетістіктері де аз емес. Бастысы көптеген ата-ананың алғысына бөленді. Республикалық, облыстық, қалалық деңгейде түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, балалар ауруханасының басшылығы «Жыл дәрігері» номинациясын табыстады. Сондай-ақ, облыстық медициналық орталықтың директоры С.Пазыловтың алғыс хатына ие болды.
Кейіпкеріміздің жары да осы саланың маманы. Ақ халатты абзал жандардан құралған отбасы бүгінде үш баланы тәрбиелеуде.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.
13 ақпан 2018 ж. 1 645 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 428 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30