ТӘРБИЕШІ АЛТЫНКҮЛ
Бұрын ата-бабамыз «Тәрбие тал бесіктен» деген тәмсілді берік ұстанды. Бала бойына тәлімді тәрбие сіңіріп, болашағына жарқын бағыт-бағдар бере білді. Сөйтіп, сәбиді бесікте жатқан кезінен бастап, ертегілер айтып, өлең-жырмен сусындатып өсірді.
Үлкендеріміз «Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» деп жиі айтатын еді. Бұл сөздің астарында ұлағатты тәрбие жатқаны байқалады. Расында, ұстаздан, тәрбиешіден асқан ұлы адам жоқ. Себебі, еліміздің келешегі – жас ұрпақтың тәлімімен тікелей байланысты. Осы тұста оларды отансүйгіштікке, үлкенді сыйлауды үйретуде, қайырымды, мейірімді болуға баулуда тәрбиешінің орны ерекше. Әрқашан да жауапкершілік жүгі ауыр бұл мамандық иелерінің еңбегі зор. Солардың бірі – осы салада 30 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан Алтынкүл Тұрбаева.
Ол 1965 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келді. 1982 жылы қазіргі Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың физика-математика мамандығына оқуға түсіп, оны үздікке бітіріп шықты. Алғаш еңбек жолын «Гүлдер» балабақшасында тәрбиеші болып бастады. Оны жұмысқа деген адалдығы әдіскерлік қызметке дейін көтерді. Содан кейін 2001 жылдан бастап кейіпкеріміз Жалаңтөс Баһадүр атындағы облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында тәрбиешілік қызметке орналасты. Қазір ол аталған оқу ордасында грек-рим және таэквандо бөліміндегі 37 балаға тәлім беріп жүр. Сондықтан олардың тәрибесі мен сабақ үлгеріміне тікелей жауапты.
Ертеден сәби дүниеге келген күннен бастап, оның өсіп-жетілуіне үлкен мән берілген. Қазақтың белгілі ақыны Ж.Аймауытұлы «Дәрігерден де тәрбиешінің көп болғаны артық, дәрігер адамның денесін сауықтырса, тәрбиеші оның ақылын, мінезін, жанын сауықтырады» деген екен. Расында, оларды бүлдіршіннің екінші анасы деп айтсақ та артық емес. Өйткені, баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына себепші болатын бірден бір адам ол – тәрбиеші.
– Адам мамандық таңдауда қателесуге болмайды. Мен осы салада жүргеніме еш өкінбеймін. Әрине, бұл жұмыспен айналысып, қаншама ата-ананың сенім үдесінен шығу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл салада өз еңбегіне жан-тәнімен берілген адам ғана жетістікке жететіні анық. Сондықтан осы уақытқа дейін үздіксіз қызмет етіп келемін. Міне, 30 жылдан асты. Мыңдаған жас ұрпақтың ертеңіне сеніммен қарап, болашағынан зор үміт күттім. Бүгінде алақаннан ұшқан қаншама балалар ер жетіп, биік белестерді бағындырды. Оның өзі біз үшін үлкен қуаныш. «Тәрбиеші болу – бір бақыт» деген осы шығар, – деді кейіпкеріміз.
Қанша баланы қанатының астына алып, қамқорлық танытып, өз баласындай бауырына басқан оның еңбегі еш кетпеуде. Өйткені, үміт артқан шәкірттері түрлі сайыстарда топ жарып, жеңімпаздар қатарынан көрініп жүр. Әрбір ұстаз үшін одан асқан бақыт жоқ шығар сірә. Сондай шәкірттері – грек-рим күресі мен таэквондодан бақ сынасатын Ұлықбек Темірбек, Қасымхан Мирамбекұлы, Диас Қалабаев, Жандос Задаш, Досжан Кітапбаев, Ғалымбек Нұрғали, Асхат Сағидолланы ерекше атап өтуге болады. Десе де, мұндағылардың барлығы мықты. Себебі, олардың басты мақсаты – спорттың шыңына шығып, әлемдік деңгейде ел намысын қорғау. Сол үшін күні-түні аянбай еңбектенуде. Алайда, жас спортшылар ата-анасынан жырақта жүргендіктен кейде жылы сөзбен, мйірімділікті сезінгісі келеді. Осы тұста тәрбиешілердің аналық махаббаты білім ошағындағы әрбір тәрбиеленушіге ерекше әсер етеді.
Кейіпкеріміздің басты ұстанымы – келешек ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, отанға, туған жерге деген патриоттық сезімін оятып, спортқа баулу. Қазіргі кезде ол осы мақсатта талмай еңбек етіп келеді. Соның нәтижесінде қаншама асулардан асып, биіктерді бағындыруда. Мәселен, осы кезге дейін жеткен жетістіктері орасан. Бүлдіршіндерге саналы тәрбие беру жолында қосқан үлесі үшін республикалық, облыстық, қалалық деңгейде алғысқа бөленіп жүр.
Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Оны ата-анамыз бен ұстаздарымыз бала күннен құлағымызға құйып өсірді. Себебі, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Иә, зерделі ұрпақ тәрбелеуде осы саланың ыстық-суығына бірдей көніп, жүрген тәрбиешілер қандай құрметке де лайық.
Кейіпкеріміз бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған абзал жан. Отбасында 3 ұл, 1 қызды дүниеге әкелген асыл ана.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ.