5196 ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ТҮЛЕК ҰБТ ТАПСЫРАДЫ
7102 мектеп бітірушінің 5196-сы тестілеуге қатысады. Былтыр аймақ түлектерінің 66,5 пайызы ҰБТ тапсырған болатын. Сынама қорытындылары бойынша орташа балл 90,1 құрады.
Қызылордада мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау және Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстарының барысы туралы мәжіліс өтті. Жиын басында облыс әкімі Қ.Көшербаев тестілеуге тиімді дайындықты қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігін атап өтті.
«Өткен жылы балаларымыз жақсы нәтиже көрсетті. Мемлекеттік білім грантын тағайындайтын республикалық конкурс қорытындысымен талапкерлер арасында Қызылорда облысы ең көп мемлекеттік грантқа ие болған облыстар қатарынан республика бойынша төртінші орыннан, Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша Қызылорда облысы 82,4 балмен республика бойынша бесінші орыннан көрінді. Сонымен қатар, 2015 жылғы халықаралық TIMSS зерттеу қорытындысы бойынша Қызылорда облысының 4-ші және 8-ші сынып оқушылары жаратылыстану ғылымдарынан жалпы рейтинг бойынша үздік 5 мемлекеттің көрсеткішінен жоғары нәтиже көрсетті. Ағымдағы жылы да жақсы нәтиже болуы үшін ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық шараларын күшейтіп, барлық мүмкіндікті пайдалануымыз қажет. Әрбір балаға өзі қалаған мамандығы бойынша оқуына, болашақта елге қажет маман ретінде қалыптасуына жол ашуымыз керек», - деді аймақ басшысы.
Тестілеуге дайындық барысы туралы облыстық білім басқармасы басшысының м.а. Ақзира Қасымова баяндады.
«2017-2018 жж. оқу жылында облыс бойынша мектеп бітірушілер саны - 7102. Оның 5196-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады деп жоспарлануда. Осылайша, оқушылардың 73,1 пайызы тестілеуді тапсырмақ; былтыр облыс түлектерінің 66,5 пайызы ҰБТ-ға қатысты. Бүгінгі күні облыс бойынша «Алтын белгіге» 472 үміткер, «Үздік аттестатқа» 289 үміткер тіркеліп отыр», - деді Ақзира Қасымова.
Сондай-ақ, оның айтуынша, бітірушілер үшін айына бірнеше мәрте сынама тестілеу өткізіледі; қаңтар айында орташа балл 85,4, ақпан айында 90,1 болды. Өз кезегінде, қала және аудан әкімдері оқушыларды дайындау және ҰБТ тапсыру пунктерін жабдықтау жұмыстары турады баяндады.