ОЗЫҚ ОЙЛЫ ОҚУШЫЛАР
Облыстың озат оқушылары әлемдік білім бәсекесінде үздіктер қатарынан көрінді. 2015 жылғы соңғы TIMSS қорытындысы бойынша аймақтың 8 сынып оқушылары елімізде жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Тіпті, дүниежүзілік көрсеткіште алдыңғы қатарда тұрған Сингапурды да басып озып, алға шықты.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, аталмыш байқауда өңірдің 13 мектебінен барлығы 857 оқушы бақ сынаған. Олардың ішінде 7 қазақ, 6 аралас тілде білім алатын өрендер бар. Атап айтқанда, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе облыстарының орыс тілінде оқитын 4 сынып оқушылары 5 мемлекеттің көрсеткіштерімен салыстырғанда олардан жоғары нәтижелерге ие болған.
Айта кетейік, халықаралық математика және жаратылыстану пәндер шеңберінде білім беру сапасына халықаралық мониторинг жүргізетін TIMSS (ағылш. TIMSS — Trends in Mathematics and Science Study) зерттеу бағдарламасын халықаралық IEA білім беру жетістіктерін бағалау қауымдастығы ұйымдастырған. Аталмыш зерттеу бағдарламасы 4-і пен 8 сынып оқушыларының математика және жаратылыстану білімінің деңгейін, олардың біліктілік сапасын әлемнің түрлі елдерімен салыстыруға, сондай-ақ ұлттық білім беру жүйесіндегі айырмашылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Араға төрт жыл салып жүргізілетін зерттеу циклы осы күнге дейін 6 мәрте өткізілген. Алғаш 1995 жылы қолға алынып, кейіннен 1999, 2003, 2007, 2011 және 2015 жылдары өз жалғасын тапқан.
Ал, қазақстандық оқушылар бұл білім сынағына 2007 жылдан бастап қатысады. Осыдан үш жыл бұрын оған Қазақстан 179 мектептен жалпы саны 9000-нан аса зейінді өрендерін таныстырды. Математика бойынша төртінші сынып оқушыларының орташа балы 544 жаратылыстанудан 550 балл жинаса, 8 сынып оқушылары математикадан 528, жаратылыстану ғылымдарынан 533 ұпаймен оқ бойы озық шықты. Ал, бұл бағыттағы келесі зерттеу 2019 жылы жүргізіледі деп күтілуде.
Осылайша ой жарыстан озық шыққан облыстың үздік білім көшбасшылары әлемдік додада топ жарып, ел мерейін үстем етті.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.