ВОЛЕЙБОЛДАН ТУРНИР ӨТТІ
Қызылорда қаласындағы спорт кешенінде өңірдегі құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында 1 наурыз - Бүкіләлемдік Азаматтық қорғаныс күніне орай және қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза болған полковник Қазбек Төремановты еске алуға арналған волейболдан дәстүрлі турнир өтті.
Турнирдің ашылу салтанаты барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды. Одан соң сөз сөйлеген Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов: «Өркениет өріне құлаш ұрып отырған елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру басты мәселе. Әрбір қазақстандық, оның ішінде жастар осындай спорттың бұқаралығын насихаттайтын жарыстарға қатысу арқылы өздерінің денсаулықтарын шынықтырулары қажет. 1 наурыз - Бүкіләлемдік Азаматтық қорғаныс күніне және қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза болған полковник Қазбек Төремановты еске алуға арналған турнирді ашық деп жариялаймын», – деді. Одан соң қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза болған полковник Қазбек Төремановтың ағасы Амангелді Құлшыбеков пен Төтенше жағдайлар департаменті бастығының кеңесшісі Тұңғышбай Ботабаевқа сөз кезегі берілді.
Аталмыш жарысқа 8 команда қатысты. Атап айтқанда: Төтенше жағдайлар департаменті, облыстық прокуратура, Ішкі істер департаменті, Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Желілік ішкі істер бөлімі, Шекара қызметінің 2019 әскери бөлімі, Абылай хан атындағы колледжі, ішкі істер органдарының ардагерлері қызметкерлерінен құралған командалар бақ сынасты.
Жарыс барысында ала допты алақанда ойнатқан ойыншылар сегіз топқа бөлініп, жеңіс кубогін сарапқа салды.
Жарыс бар жерде, жеңімпаз бар. 8 команданың ішінде дара шыққан, Ішкі істер департаментінің командасы бірінші орынды еншіледі. Екінші орынды Төтенше жағдайлар депратментінің командасы қанжығысына байласа, үшінші орынды ішкі істер органдарының ардагерлері командасы қанағат тұтты.
Жарыс қорытындысы бойынша командааралық және жекелей танылған жарыс жеңімпаздарына арнайы жүлделер табысталып, марапатталды.
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы