АСТАНА – БИІК ТӨРІМ, ҚЫЗЫЛОРДА – ТУҒАН ЖЕРІМ Мейірбек Сұлтанханға бас бәйге бұйырды
Қызылорда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы драма театрында Астана қаласының 20, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына орай «Астана – биік төрім, Қызылорда – туған жерім!» атауымен республикалық ақындар айтысы өтті. Бұл шараны облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырды. Онда Қазақстанның 9 қаласынан келген елге танымал ақындар сайысқа түсті. Айтыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, ақындарға сәттілік тіледі.
– Тәуелсіздіктің елең-алаң кезеңінде Елбасының батылдығымен, кемеңгер шешімімен Еуразия төрінде, Сарыарқаның төсінде заманауи Астана бой көтерді. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – бұл қазақтың өз билігі өз қолына тиген соң ұлттың болмыс-бітімін сақтап, болашағын баянды ету мақсатында қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл қадамның дұрыстығын қазір қай қырынан алып қарасақ та уақыт дәлелдеді. Сәні мен салтанаты жарасқан, сәулеті талайларды тамсандырған Елордамыз – Тәуелсіздігіміздің тірегіне, экономикамыздың жүрегіне, әлем елдері бас қосатын достық мекеніне айналды. Ата-бабамыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп қорғаған кең-байтақ жерімізді сақтап қалудағы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерлігі жоғары бағалауға әбден лайықты, – деді аймақ басшысы.
Айтыс шымылдығын маңғыстаулық ақын Мэлс Қосымбаев түріп, өз арнауын жолдады. Аламан бәйгені айтыскер ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев жүргізді.
Екі жүзге толған шақта қаласы,
Сүйіншілеп қуанады Алашы
Бар қазақты мейіріміне бөлеген,
Аманбысың, Сыр – Алаштын анасы, – деп бастады сөз жүйрігі. Айтыста Астана, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Атырау, Қарағанды, Семей, Павлодар және Сыр өңірінен белгілі жампоздар бақ сынады.
Ақындар жеребе бойынша сыңға түсті. Оларды сахнада халық жұптады. Олар жеребе тартуға атсалысты. Талай айтыс аламанында бірінен-бірі озық шығып жүрген сыралғы қарсыластар бұл жолы да маржан сөздің мәйегін дүйім елге тарту етті. Ұтымды ұйқастар, қызықты сұрақ-жауаптарымен есте қалған айтыскерлер аламанда негізгі тақырып бойынша төгілте жырлады. Бір-бірінен қаймықпай шаппа-шап айтыстың керемет үлгісін көрсете білді.
«Ақын» деген атты арқалап жүрудің жауапкершілігі қаншалықты зор екенін сезінетін сахна майталмандары өз кезегінде көпшілікке жібектей есілген жыр жолдарымен келелі ой, рухани күш, ұлттық рух беріп, ел бірлігінің қандай жауапкершіліктерден жинақталатынын жеткізуге тырысты.
Қармашылық ақын Сырым Әділбеков:
Шапқанда шабытымның қарагері,
Батыраш кезікпесе жарар еді.
Сұлулықтың көкесі – Сыр елінде
Ағайын құлақ түріп қара бері.
Жаңақорған шипалы батпағынан
Науқастың жазылатын жаны әдемі.
Ақ күріші жайқалған Шиелінің
Арайлап атып жатқан таңы әдемі,
Атағы асқақтаған Тереңөзек –
Алыптарды толғатқан далам еді,
Жылдан-жылға жайқалған Жалағаштың
Жасыл желек тербелген талы әдемі.
Жүз жыраудың мекені Қармақшының
Аспанда әуелеген әні әдемі,
Байқоңырым болмағанда орыстарға,
Космос арман болып қалар еді.
Қазалымның қысында қары әдемі,
Жазында бұрқыраған шаңы әдемі
Аралдың аппақ тұзы болмағанда,
Тамағынның болмайды – дәмі әдемі.
Осындай сұлулықты жырға қосқан
Сырым деген өзіннің балаң еді, – деп салиқалы ойлар айтып, барлық ауданды жырға қосып, туған топырақтың қадірі мен қасиетін жүрекжарды лебізімен көрерменге паш ете білді.
Ал, екі рет «Алтын домбыра» сыйлығын алған жерлесіміз Мұқтар Ниязов болса:
Дарияның ар жағында бұрындары,
Жайылатын ауылдың қозы-лағы.
Ол кезді бәріңіз де білесіздер,
Жағдайымыз шамалы қожырады.
Енді, міне, мақтанып айта аламын,
Қарт қалам өсіп жатыр қазыналы.
Ағайын айтқызбай-ақ сөз ұғады.
Тірлігі оңға басқан өңірлердің,
Қаласы солға қарай созылады, – деп Астана мен Қызылорданың сол жағалауындағы сәулетті құрылыстары жайында жырға қосып бейнеледі.
Айтыс ақтангерлері еліміздің жүрегі – Астана мен Сырдың бас қаласы – Қызылорда жайында ағынан жарыла сыр ақтарып, қазақтың қасиетті қазынасы – айтыс өнерінде өз өрнектерін салды. Әрбір ұтымды ұйқас, тартымды тіркес, байыпты бейнелеуге көрермен қошеметпен қол соқты.Айтыстың бас бәйгесіне жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан ие болды. Қарағандылық Мақсат Аханов пен алматылық Рүстем Қайыртай екінші орынды еншіледі. Үздік үштікті Мұхтар Ниязов, Нұрқанат Қайратұлы және Әсем Ережеқызы түйіндеді. Сондай-ақ, қармақшылық Сырым Әділбеков «Рухани жаңғыру» орталығының арнайы жүлдесімен марапатталды.
Аламан айтысқа Жүрсін Ерман, Нұртөре Жүсіп, Ғалым Жайлыбай, Мэлс Қосымбаев, Серік Ыдырысов, Оңталап Нұрмаханов сынды ақын-жазушылар қазылық жасады.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.