АСТАНАДА ЕУРАЗИЯ МҰСЫЛМАН ҒҰЛАМАЛАРЫ ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ
Бүгін Астанада Еуразия мұсылман ғұламалары форумы басталды. Оған Орталық Азия мен Еуропаның 21 елінен 35-тен астам делегат қатысуда. Олардың арасында бас мүфтилер, дін қайраткерлері , зиялық қауым өкілдері, теолог-ғалымдар, өңірлердегі бас имамдар бар.
Форумда Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ислам өркениетіне тән алдыңғы қатарлы ғылым мен мәдениет дәстүрлерін мейлінше дамыту керектігін айтты.
«Халқымыз мың жылдан астам уақыттан бері мұсылман өркениетінің құрамына кіреді. Ислам - елімізде діннің мәдениетін, білім мен ғылымның өркендеуіне оң ықпал етті. Қазіргі таңда екі жарым мыңнан астам мешіт жұмыс істейді, халықтың 75 пайызы ислам дінін ұстайды. Бүгінгі күні еліміз бүкіл әлем мемлекеттері сияқты күрделі экономикалық-саяси, оның ішінде басты идеологиялық мақсаттарды шешуге күш салуда», - деп тоқталды Сенат Төрағасы.
Оның пайымынша, жаһандану, әлемтану ұстанымдарының жаңаруы тарихи уақыт көшінің қарқынымен жеделдей түсуі - сенім мен діни құндылықтардың алатын орнын қайта бағалауды қажет етіп отыр. Мұнадай жағдайда исламның ізгі бастауларын жоққа шығаратын бейбітсүйгіштіктен, толеранттылықтан, діни төзімділіктен бас тартартын күштердің алға шығуы жиі орын алуда.
«Жиһад идеяларын насихаттайтын, экстермизм мен лаңкестік жолымен жүретін радикалды топтар елеулі саяси күшке айналды. Олар мұсылмандардың барлық тарихи кезеңдерде барша дін өкілдерімен диалогқа дайын болғандығын және ешкімге зиян келтірмегенін естен шығарған. Ислам әлемінің оқшауланып, дамуын тежеуге итермелеуде. Ислам өркениетіне тән алдыңғы қатарлы ғылым мен мәдениет дәстүрлерін мейлінше арттыру қажет.Меніңше, бұл қазіргі заманның ең өзекті пробеламаларының бірі. Себебі қазіргі кезде бірқатар мұсылман мемлекеттері кедейлікпен, халықтың сауатсыздығымен, денсаулық сақтау ісінің артта қалуымен, күрделі демографиялық ахуалымен, лаңкестік сын-қатермен, заңсыз есірткі айналымымен және сыбайлас жемқорлықпен байланысты қиындықтарды бастан өткізуде. Бұл сын-қатерлердің барлығы да имандылық дағдарысынан және әскери-саяси текетірестен алып шығатын пәрменді тетіктерді, идеологиялық әрі моральдық әдістерді іздеуді талап етеді», - деді Қ. Тоқаев.
Мінберде сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз:
«Бүгін Қазақстан мұсылмандарының рухани өмірінде тарихи күн. Өйткені, біздің бастамамызбен тұңғыш рет Еуразия еліндегі Ислам ғалымдары Астанада бас қосып, әлемдегі діни ахуал туралы пікір алмасып, ортақ Қарар қабылдап отыр. Ислам діні Еуразия мұсылмандары арасында Қарахан кезеңінде тарала бастап, Алтын Орда дәуірінде аяқталғаны баршамызға мәлім. Мәураннахр мен Анадолы және Каспий мен Еділ бойында жаңа түркі-ислам өркениетінің негізі қаланды. Яғни, біздің діни-рухани тұтастығымызды қамтамасыз етіп отырған ортақ тарихымыз бен мәдениетіміз бар. Олай болса, сырттан келіп жатқан тасқындарға төтеп беру үшін Еуразия мұсылмандарының ортақ мәдени және рухани құндылықтарын жандандыруымыз керек. Еуразия мұсылмандары радикализмнің кез-келген түрін, оның ішінде дін атын жамылған содырлық әрекеттерді ешқашан қолдамауға тиісті. Керісінше, исламға қатысты ксенофобия орын алмас үшін діни радикализмге қарсы орынды сын айтып, ортақ ұстанымдарымызды жариялап отыруымыз керек», – деді.
Халықаралық форумның мақсаты мен міндеті – жаңа замандағы мұсылман қауымының жауапкершілігі мен өзара түсінігін қалыптастыру, әлемдегі сын-қатерлерге жауап беру, бүгінгі мұсылман үмбетінің діни экстремизм мен терроризмге қарсы иммунитетін арттыру, ортаазиялық тарихи діни мектептің рөлін арттыру, Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасына орай қазақ топырағынан шыққан әлемге танымал діни тұлғалардың еңбегін насихаттау, Еуразия елдерінің ортақ пәтуалар базасын қалыптастыру, Еуразия кеңістігінде діни ықпалдастық пен рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосу, т.б. Форум жұмысы соңында «Бүгінгі мұсылманның келбеті» құжаты қабылданып, жиынға қатысушылардың Қарары жарияланады.
Дереккөз:egemen.kz