ДОСТЫҚ ДӘРЕМЕТІ
Достық үйінде «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Сондай-ақ, ресейлік отандастардың үйлестіру кеңесінің төрағасы Всеволод Лукашов, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Александр Мусиенко мен бірқатар Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысып, бірлестік мүшелерін мерекемен құттықтады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан елімізде ұлттық саясатты жүзеге асыру, этносаралық және дінаралық бірігудің бірден-бір тиімді механизмі жасалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жуырда жариялаған Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім біздің басты құндылығымыз болып қала беретінін ерекше атап өтті. Бүгінгі күні Қазақстанда 130-дан астам этнос пен 18-ден аса конфессиялық топ, оның ішінде біздің облыста 30-ға тарта түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының барлық мүшелеріне адал еңбектері үшін алғыс білдіргім келеді, – деді аймақ басшысы.Жиын барысында облыс әкімі орталықтың бірқатар қызметкерлері мен белсенді мүшелерін Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар, еліміздегі ресейлік отандастардың үйлестіру кеңесінің төрағасы Всеволод Лукашов Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулының құттықтау хатын табыстады. – Бүгін – біз үшін ерекше күн. Бір шаңырақ астында береке-бірлікпен ғұмыр кешкенімізге 20 жыл толып отыр. Ақтөбе, Шымкенттен арнайы меймандар келіп, қуанышымызбен ортақтасуда. Мұның өзі біздегі өзара сыйластық пен құрметтің зор екенін білдіреді. Мерекелік кешке ерекше дайындық жасадық. Себебі, бұл күн – біздің ортақ қуанышымыз. Украин, белорусь, орыс және қазақ тілдерінде әндер шырқалып, әр халықтың ұлттық билері көпшілік назарына ұсынылды, – дейді «Славяне» этномәдени бірлестігінің басшысы Галина Щербакова.Айта кетейік, 1997 жылдың 16 шілдесінде құрылған мәдени бірлестік бүгінде еліміздің мәдени-рухани тұрғыда дамып, өсіп-өркендеуіне бірлесе атсалысып келеді. Ұйымның алғашқы төрайымы, Қызылорда политехникумының оқытушысы Нелля Литвинова бір топ белсенділермен бірге орталық жұмысының негізін қалап, әрі қарай жандануына ықпал етті. Ал, 1998 жылдан бастап «Славяне» этномәдени бірлестігін Галина Щербакова басқарып келеді. Қазіргі таңда өңірде 15 мыңнан астам славян этносы тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Кеш соңында мерекелік концерт ұйымдастырылып, «Славяне» орталығының «Сударушки» және «Надежда» вокалды топтары, «Наз» және «Жемчужинка» би ұжымдары, сондай-ақ, ақтөбелік «Купава» фолк-модерн тобы мен Шымкенттен арнайы келген «Светоч» тобы өнер көрсетті. Орыс халқының қолөнер бұйымдарының көрмесі топтастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.