ӨМІРШЕҢ ЖОБАЛАР – ӨРЛЕУГЕ ЖОЛ АШАР
Өңірлік экономиканы қалыптастырудың басымдығы – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл тұрғыда облыста қолға алынған игілікті істер өз нәтижесін беруде. Биыл өңірде кәсіпкерлік жылы деп жарияланды. Осының өзі бұл бағыттағы шаралардың тұрақты түрде атқарылып жатқандығын аңғартады. Облыстың агробизнес саласында 5 жыл ішінде инвестиция көлемі 23 есеге өскен.
Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылық өндірісінің артуына оң ықпалын тигізіп отыр. Мәселен, аталмыш шаруашылық өнімдері экспорты 37, оның ішінде негізгі дақыл – күріш экспорты – 39 пайызға артқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов әңгімеледі. Соңғы жылдары облыста 2 млн. шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, ел игілігіне берілген. Егер осыдан бес жыл бұрын 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, қазір бұл көрсеткіш 600 мың шаршы метрден асады. Оған облыста бой көтерген 14 жаңа аудан дәйек бола алады. Сондай-ақ, апатты жағдайдағы үйлер мәселесі де толық шешімін тауып, өткен жылы 300-ден аса отбасы қоныс тойын тойлаған.
Аймақ басшысы өткен жылы мектеп бітірушілердің 97 пайызы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсіп, республика бойынша жоғары көрсеткішке ие болуын облыстағы маргинал жастардың азаюымен байланысты екенін атап өткені белгілі. Расында, облыстың зерделі жастары талай биіктен көрініп, шетелдің беделді оқу орындарында білімін тереңдетіп жүр. Соңғы 5 жылда аймақта 45 жаңа мектеп салынған. Ал, оның 37-сі апатты жағдайдағы білім ордаларының үлесіне тиеді. Бүгінге дейін өңірде 50-ден астам медициналық нысан бой көтерген. Оның сегізін алдағы уақытта аяқтау жоспарланып отыр. Былтыр шалғайдағы ауылдарда 10-ға таяу медициналық бекет іске қосылған. Сонымен қатар, биыл денсаулық сақтау саласы нысандарымен жабдықтауды 90 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Ал, 2020 жылға дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың әзірленген агрокартасында экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту көзделуде.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.