БАҒЫ ЖАНҒАН БАҚЫТЖАН
Алматы қаласындағы оқушылар сарайында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауы өтті.
Бұл шара ылым мен білімді интеграциялау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, еліміздің болашақ ғылыми әлеуетін қалыптастыру мақсатында қолға алынған. Оны Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын ұйымдастырып келеді. Білім бәсекесінде жүзден жүйрік шыққандар ақтық кезеңге жолдама алды. Сайыстың соңғы кезеңі 740-тан астам оқушының 500-ге тарта ғылыми жұмысын саралады. Ал, аталмыш байқауда Қызылорда қаласындағы химия-биологиялық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Бақытжан Даниярбек жеңіс тұғырынан көрініп, І дәрежелі диплом және алтын медальмен марапатталды. «Дүние жүзі тарихы, адам және қоғам» секциясы бойынша «Қазақстанның интеграциялық мүмкіндіктері» тақырыбында өзінің ғылыми жобасын қорғаған ол өзінің тың идеясы арқылы дамудың технологиялық тиімділігін алға тартты. Жобаның ғылыми тұрғыда сарапталып дайындалуына тарих пәнінің мұғалімі Нұркен Әбжәлиев жетекшілік етіп, бағыт-бағдар берген. Ұстазының да еңбегі еленіп, «Білім беруге қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болды. Ал, жобасы үздік деп танылған жас зияткер бүгінде алдағы уақытта Қостанай қаласында өтетін пәндік олимпиадаға қызу дайындық үстінде.
Б.ЖАРЫЛҚАП