ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ АРТТЫ
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында құрылыс саласындағы кәсіпкерлер мен мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы болып өтті.
Отырыста Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қожахмет Ілиясов құрылысшыларға жағымды жаңалықты жеткізді. Жаңа жылдан бастап құрылыс нысандарына қатысты талаптарға өзгерістер енгізілді.
«Бұрын құрылыс жұмыстарымен айналысатын компаниялар әлеуетін көрсете алуы үшін бар техникалары мен мамандары туралы ақпаратты беруге міндетті болатын. Осы жылдан бастап бұл талап қағидадан алып тасталды. Енді тек конкурстарға қатысу үшін құрылысты жүргізуге рұқсаты бар лицензиясының көшірмесін ұсынса жеткілікті. Бұл кәсіпкерлер үшін тиімді. Себебі техникасының сипаттамасы мен мамандары туралы ақпаратты жинақтап уақыт жоғалтпайды. Дегенмен, бұл саладағы кәсіпкерлеріміз де жауапкершілікті сезіне білгені дұрыс. Себебі, құрылысшылар балабақша, мектеп, емхана сынды халыққа қажетті әлеуметтік нысандарды салады. Қағида талаптары жеңілдегеніне қарамастан, сапаға ерекше мән беруі тиіс деп санаймын», - деді Қожахмет Ілиясов.
Шарада Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының мамандары мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға түсіндірме беріп, осы кезге дейін құрылысшылар тарапынан жіберілген кемшіліктерге тоқталып, оны болдырмау жолдарын түсіндірді.
Айта кету керек, соңғы жылдары Қызылорда қаласында 14 шағын аудан пайда болып, облыс көлемінде 5 жылда 2 млн.шаршы метр тұрғын үй салынған, 200 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген.