ФУТБОЛ: «АҚЖАЙЫҚ» СЫРТ АЛАҢДА «ҚАЙСАРМЕН» ТЕҢ ОЙНАДЫ
Футболдан премьер-лига командалары арасында ел біріншілігінің екінші турында «Ақжайық» Қызылордада «Қайсар» командасымен сынға түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Алма-кезек шабуылмен өткен бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Екінші таймда 53-минутта қақпа алдындағы қарбалас сәтті тиімді пайдаланған Матиас Курьор алаң иелерін алға шығарды. Бұдан кейін қонақтар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Украиналық легионер Адеринсола Эсеоланың баспен соққан добын төреші Фуркат Атажанов шабуылшы ойыннан тыс қалды деп есептеген жоқ. Есесіне 73-минутта сол қапталдан Қазақстан жастар құрамасының мүшесі Иван Антиповтың берген пасын Еркебұлан Нұрғалиев мүлт жібермеді. «Қайсар» барынша шабуылдап баққанымен, «Ақжайық» тең есепті сақтап қалды. Сөйтіп 1:1 есебімен тең тарқасқан командалар биылғы чемпионаттағы алғашқы ұпайларына ие болды. 31 наурыз күні өтетін үшінші турда «Ақжайық» өз алаңында Павлодардың «Ертісін» қабылдаса, қызылордалықтар елордада «Астанамен» алаңға шығады. Айта кетейік, Талдықорғанда «Жетісу» командасын 2:0 есебімен ұтқан ел чемпионы «Астана» доп айырмасымен турнир кестесінде көш бастап келеді. Алматыда 2:0 есебімен «Атырауды» сүріндірген «Қайрат», сондай-ақ өз алаңдарында 2:1 есебімен сәйкесінше «Қызылжар» (Петропавл) мен «Ақтөбені» тізе бүктірген «Ордабасы» және «Ертіс» командаларының да еншісінде 6 ұпайдан бар. Бұл турда Қостанайдың «Тобылы» күтпеген жерден өз алаңында Қарағандының «Шахтеріне» 0:1 есебімен жол берді.