ӨМІР ҰЗАҚТЫҒЫМЕН ЕМЕС, МАЗМҰНЫМЕН ӨЛШЕНЕДІ
Алдыңғы толқын ағалардың кешегі жүріп өткен жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі. «Ел ерімен еңселі» демекші елі үшін елеулі еңбек еткен азаматтардың есімі еш уақытта елеусіз қалмайды. Халық олардың жасаған әрбір ісін жадында сақтайды.
Сондай жандардың бірі – Төребек Тоқсейітов Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылында 1939 жылы дүниеге келді. 1955 жылы облыстық мемлекеттік автоинспекция жанындағы алты айлық курсты бітірді. Алғаш еңбек жолын 1956 жылы «Қызылордасовхозстрой» құрылыс аумағында автомашина жетекшісі қызметінен бастады. Ол 1957-1958 жылдары «Бурводстрой» құрылыс-монтаж басқармасында автомашина жетекшісі қызметін атқарды. 1958 жылы әскерден шақырту келіп, 1962 жылға дейін Кеңес әскері қатарында міндетін өтеді. Елге оралғаннан кейін, облыстық ішкі істер басқармасында автомашина жетекшісі болды. Өмір жолында кейіпкеріміз бас инженер, зауыт басшысы, көлік қызметінің директоры қызметтерін атқарды. Осылайша 2002 жылы зейнеткерлік еңбек демалысына шықты.
Еңбек жолында қаншама қызметті тізгіндеп, түрлі салада жемісті қызмет еткен Төребек Тоқсейітовтің еңбегі еш кетпеді. Себебі, қаншама биіктерді бағындырып, орасан жетістіктерге жетті. Талай мәрте марапат биігінен көрінді.
Өмірлік жары – Әлия Әлібекова екеуі үш баланы өмірге әкеліп, оларға өнегелі тәрбие бере білді. Оқытты, тоқытты. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Немере қызығын көріп, шөбере сүйді. Алланың жазуымен 79 жасқа қараған шағында өмірден өткен ол артында өшпес із қалдырды.
Еліне адал қызмет етіп, облыс дамуына зор үлес қосқан Төребек Тоқсейітов туралы естеліктер айтқан замандастары оны сағына еске алды. Кейіпкеріміздің кішіпейілділігін ерекше атап өтті. Басшылық қызметте болса да, қарапайымдылық қасиетінен танбаған адамгершілігін сөз етті.
– Құрдасым болғасын әзіліміз жарасып, үнемі қалжыңдасып жүруші едік. Кездесе қалсақ, өткенді қозғап, атқарған жұмысты саралап, пікір алмасып отыратынбыз. 1956 жылдың көктем мезгілінде «Қызылордасовхозстрой» құрылыс аумағында автомашина жетекшісі қызметін атқарды. Ұнтақ тас тиелген автокөлікпен Қызылқұм мал жайылымының «Қазанбай» деген жерінде құдық қазып жатқан бригадаға осы жүкті апаруға жолдама алды. Ауа райы қолайсыз еді. Соған қарамастан жолға шықты. «Жаутөбе» деген жерден өте бергенде кенеттен айдап келе жатқан машинаның моторы сынып қалған. Қасында көмектесетін адам жоқ. Десе де, жалғыз өзі тығырықтан шығатын жол тауып, барар жеріне уақытында жеткен екен. Міне, Төребектің қайсарлығын осыдан аңғаруға болады, – деді әріптесі Төлеп Тентекеев.
Қарапайым көпбалалы отбасында дүниеге келген ағамыздың өмірге деген құштарлығы ерекше болған көрінеді. Он баланың ішінде үнемі дараланып жүрді. Барынша айналасына мейірім төгіп, қамқорлық көрсететін еді. Інісінің істеген осындай жақсылығын туған ағасы Әбубек Тоқсейітов те сағынышпен еске алды.
– Біздің балалық шағымыз қиын-қыстау заманға тап келді, – деп бастады әңгімесін Әбубек ағамыз.
– Десе де, қаншама қиындықтарға мойымай елдің өсіп-өнуіне, дамуына бір кісідей атсалысты. Қаншама белестерді бағындырып, елге адал қызмет атқарды. Отбасы құрып, өмірлік жары екеуі ұл мен қыз өсірді. Олардың қызығын көріп, немере, шөбере сүйді. Жасы кіші болса да, қандай жағдайда да жанымыздан табылып, ақылымызға ақыл қосып отыратын. Бәріміз де тату-тәтті өмір сүрдік. Төребек інілік жолдан ешқашан тайған емес. Әрқашан жолымды кесіп өтпейтін. Қанша басшы болса да, отбасында өзінің орнын білетін. Бауырымды қашанда қимай еске аламын. Замандастары да, әріптестері де, достары да інімнің әрбір игі ісін, жасаған жақсылығын айтып, бір марқайтып қояды. «Жақсы сөз – жан азығы» дегендей оны естіген біз де қуанып, бауырымның жақсы адам болғанын таразылаймыз.
Кейіпкеріміз туралы әрбір айтылған естеліктерден оның жауапкершілігі жоғары жан болғанын аңғаруға болады. Сонымен қатар, жолында қандай қиындық кездессе де тығырықтан шығар жол таба алғандығы қайран қалдырды. Міне, сондай тапқырлығының, өжеттілігінің арқасында ауыл баласы биіктен көрінді. Алдына келген талай жанға көмек қолын ұсынды. Кішкентайынан бірге өскен Нұрылда Ермахановтың айтуынша, Т.Тоқсейітов жас кезінен құрдастар арасында бірбеткей мінезімен, шымыр денесімен ерекшеленген. Спортпен үнемі шұғылданып жүреді екен. Сондай-ақ, ағайын-туыс, дос-жаранға бауырмал, өзінен кейінгілерге қамқоршы, ал достарына жолбасшы бола білген.
– Екеуміз тай құлындай тебісіп, қатар өстік, – деді ағамыз ағынан жарылып.
– Есейе келе өмір жолы бізді алшақтатып жіберді. Дегенмен, жиі бас қосып, сырласып отыратынбыз. Қазір сол бір кезден әдемі естеліктер еске оралып отыр. Құрдасым облыстағы «Бурводстрой» мекемесінің бас инженері болатын. Оның негізгі міндеті – мал шаруашылығы жайылымдарының су жүйесін өркендету, жөндеу жұмыстарымен шұғылдану. Осыған орай өзі дүниеге келген ауылдың басшысы Төребекке туған жеріне мал жайылымына құдық қазып беруді өтінді. Дереу іске кірісіп, уақытында ұңғыма қазып берді. Сөйтіп, қаншама ауылдың тіршілік көзіне айналған мал шаруашылығын аман алып қалды. Оны ауыл ақсақалдары бүгінге дейін айтып келеді. Мен Жалағаш, Тереңөзек аудандарында күріштік егістіктерді инженерлік жүйеге келтіру бойынша ПМК-13, ПМК-14 мекемелерінде бас инженер қызметін атқардым. Одан кейін «Қызылордасельстрой» тресінің Жалағаш ауданындағы ПМК басшысы болып тағайындалдым. Ал, Төребек ол кезде «Риссовхозстрой» тресінің кірпіш зауытының директоры қызметінде еді. Біздің мекемені жабдықтайтын зауыттар тиісті кірпішті өндіріп бере алмады. Осылайша жылдық жоспар орындалмау қаупі төнгендіктен балалық шақтағы досыма барып, өтініш жасадым. Өтінішімді жерге тастамай 50 мың кірпіш жеткізіп берді. Соның арқасында бір 16 пәтерлі үй жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілді. Міне, бұл – азаматтың ерекше белсенділігі, туған жеріне деген патриоттық сезімінің өнегесі. Кейінгі жылдары Алматыға қызмет ауыстыруына байланысты кездесуіміз сиреп кетті. Соңғы рет Төребекпен туған ағасы Әбубектің мерейтойында кездесіп, бір қауышып қалған едік. Тағдырдың осылай боларын кім сезіпті. Десе де, оның көпжылдық еңбектері, үлгілі істері ел есінде мәңгі қала бермек.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халық даналығы. Төребек ағамыз бауыр еті – балаларына өнегелі тәрбие бере білді. Ұлы – Берік әке жолын қуып, құрылыс саласын таңдады, қазіргі кезде жеке кәсіпкер. Оның үлкен баласы Абылай кәсіпкерлікпен айналысса, одан кейінгі ұлы Арман мен қызы Динара студент. Ал, ардақты азаматтың қызы – Айгүл Қ.Сәтпаев атындағы техникалық университетте мұнай-газ мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде жолдасы Нариман Сейтенов екеуі үш перзентті тәрбиелеп отырған жандар, балалары мектеп оқушылары.
Қазақта «Өмір ұзақтығымен емес, мазмұнымен өлшенеді» деген тәмсіл бар. Бұл қанатты сөздің астарын Төребек Тоқсейітовтың замандастары бейнелеген болмысынан аңғаруға болады. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда өмірі өз мәнін тауып, арнасы тасыған жандар жетерлік. Т.Тоқсейітовті өмірден өз орнын тапқан жан деуге негіз бар. Сондықтан ол ортасына беделді, сыйлы бола білді. «Тектілік – тереңнен» демекші адам баласы қанша білім алып, қызмет етсе де кішіпейілдіктен танбаған осындай жандарды тұғыры биік тұлға деуге әбден болады.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.