Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖЕҢГЕСІ ЖАҚСЫ ҚАНДАЙ-ДЫ

ЖЕҢГЕСІ ЖАҚСЫ ҚАНДАЙ-ДЫ

   Әлемдегі әсемдік пен сұлулық нәзік жандылардың көркі мен ана мейірімінен нәр алады. Әйел қолында тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы бар. Ұлыстың ұлы күні- Наурыз бен қазақтың шырайлы келіндерінің арасында ажырамас әдемі үйлесімділік бар секілді көрінеді. Біздің ата-бабаларымыз алтын босағаның отын жағып, бір әулеттің берекесін кіргізіп, өркенін өсіретін келіндерін айрықша құрметтеп, тәлім-тәрбиесіне ерекше мән берген.
Осындайда менің көз алдыма бала кездегі «су сұрасаң сүт берген, айран берген» жомарт жеңгелерім оралады. Ол заманда оң жақта ақ шымылдық құрылушы еді. Сол шымылдық ішіне еніп, жаңа түскен жеңгемізбен танысу дегеніміз бас айналдыратын бақыт секілді еді біз үшін. Біздің ауылға да сондай үлбіреген аппақ келін түсті. Жеңгеміз-Павлодардың қызы, есімі – Шолпан. Қазақша білмейді, түсінбейді, ауылдағы қым-қуыт тірліктен бейхабар екені көрініп тұр. Бірақ, өте ақкөңіл, ашық-жарқын, білсем, үйренсем деп құлшынып тұратыны көңіліңе қуаныш ұялатады екен.
Көп ұзамай сол жеңгеміз ауылдың ардақтысына айнала бастады. Жас келіншек әрқайсымыздың атымызды сұрап, басымыздан сипап, күлімсіреп, ерекше мейірленетін. Кейін сол шуақты жанның мейірімі өзі түскен отбасын ғана емес, тұтас ауылды да үлкен жылылықпен баурап алды. Өз енесін ғана емес, ауылдағы үлкен біткенге тік тұрып, құрмет көрсететін. Мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бере жүріп, үйдегі нан жабу, қазан асу, от жағу, сиыр сауу бәрін секілді тіршіліктердің бәрін лезде меңгеріп алды. Бұлар ұсақ-түйек жұмыс көрінгенімен үлкен ұлағатты әулеттің жүгін көтеру үшін аса маңызды еді.
Өмірдің ауыры мен жеңіліне төтеп беретін аяулы жан үшін сынақты өмір басталатынын кім сезді дейсің. Ардақ тұтқан атасы мен енесі өмірден өтті. Үлкен шаңырақтың отын өшірмей, түтінін түзу шығару, отанасы болуды тағдыр Шолпан жеңгеміздің мойнына жүктеді. Осы отаудан өрбіген бүлдіршіндер уақыт өте келе бір-бір шаңырақтың иесіне айналды. Гүлзар бақтай өсіп-өнген бір әулеттің жүгін нардай аналар ғана көтере алады емес пе?
Сол қажыр-қайрат асыл ананың бойына ана сүтімен, әке құтымен берілген бе деп қаласыз!
Осы наурыз айында Шолпан жеңгемнің есіме еріксіз оралғаны,  ол кісі наурыз көжені өте дәмді пісіретін. Жеңгеміз бізге көрші тұрды. Наурыз көжені сол кісі дайындайды дегенді естісе, бүкіл ауыл тайлы-тұяғы қалмай жиналатын. Біз сол аяулы жанды басқа төбенің адамдарынан қызғанатынбыз. Жеңгеміз өте ажарлы да, базарлы адам еді. Еркелей де алатын, еркелете де білетін.
Әр көктем келген сайын нұрлы жүзі бал-бұл жайнаған Шолпан жеңгем еріксіз ойыма оралады. Әттең, ол кісі дүниеден өтіп кетті. Қайран жеңгем наурыз көжені сапырып тұрған жайдары қалпында елестейді маған.  Кең жазира даладай мәрттік пен кеңдікті бойына сіңірген қазақ келіндерінің жиынтық бейнесіндей күлімсіреген қалпымен әлі көз алдымда.  «Келіні жақсының керегесі – алтын» деген осы да.
                                                                                     Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ.
22 наурыз 2018 ж. 1 795 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам