Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

ДҮНИЕ – ДИДАР

    Наурыз – күн мен түн тоғысып, дүниенің жаңарған күні, бейбітшілік пен ұлттық құндылықтар ұлықталатын мереке. Тарихы тым тереңде жатқан айтулы күннің қасиетін халық өмірінің әр қырынан байқауға болады. Ұлыстың ұлы күнінде жарық дүние есігін ашқан сәбилерге көбіне Наурыз, Наурызбай, Наурызғали, Наурызбек деген есімдер берілген.
Бұл күнде дүниеге келген белгілі тұлғалар да аз емес. Айта кетсек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Марат Қабанбайұлы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қали Сәрсенбай, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Николай Баскаков, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Мәлікқожа Құланбаев сынды аты елімізге танымал тұлғалар дүние дидарын көрді.
Өресі биік, тәлімі терең жырларымен танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Әскербек Рахымбекұлы жыл сайын атаулы күнде туған күнін атап өтеді. Дүние дидарын көрген күні ұлық мерекемен қатар келгендіктен ағамыздың жаратылысы шуақпен, жылылықпен, мейіріммен егіз секілді.
– Ақ түйенің қарны жарылып, күн мен түн теңеліп, адамзат баласы шаттанған шағында өмірге келіп, отбасыма бақыт сыйлағаным – үлкен қуаныш. Алайда, ол кезеңде бұл мереке қазіргідей тойланбайтын. Тек рәсімін жасап, 2-3 үйге барып әңгіме айтылатын. Наурыз көжені тойып ішіп, сәл желпініп қалатын. Оның себебі де бар. Сол бір кездеңде Мәскеудегі атқамінерлер ұлттық құндылықтарға қырын қарап келді. Аналарымыз «Көжені тауысып ішсең, жыл бойы тоқ жүресің» дейтін. Тәуелсіздік алғаннан бері ата салтымыз қайта жаңғырып, дәстүріміз кемеліне келіп, халықтық мерекеге айналды ғой. Отбасында да кең дастархан жайылып, оны ұлттық асымыз – наурыз көже ажарландырып, келген қонақтарға мезіретімізді жасауға дайын тұрамыз, – дейді ақын.
Ақынның Жер-ана бусанып, мейірім төккен кезімен сәйкес келетін осы мерекеге құрметі ерекше. Өйткені, бүкіл мұсылман халқына ортақ ақжолтай молшылық мерекесі біздің түп тамырымыздан ажырамауымызға негіз болады. Сонымен бірге, ол – ұлт пен ұлыс арасындағы бірлік пен ынтымақтың алтын көпірі.
Ал Ұлтай Айзада 1979 жылы Ұлыстың ұлы күні өмір есігін ашқан. Ол – ұстаз аталатын ұлағатты мамандық иесі және бес баланың анасы. Сүйікті сыйлығы – қаламсап. Өзгелерге де қаламсап сыйлағанды дұрыс көреді. «Қымбат бағаға алып, сөреде шаң басып босқа тұрғанша, кішкентай ғана зат болса да, адамға керек дүние болғаны жөн» деп есептейді. Өз туған күнінің ерекше өтетінін айтады. Әдетте, отбасында атап өткенде, жиналғандар Айзаданы да құттықтап, Наурызды да естен шығармайды.
Жас журналист Мереке Жалғас болса, қос мерекеге қатар дайындалатынын айтады. Биылғы туған күнін қалай атап өтетінін әлі шешіп үлгермепті. Белсенді жас – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі. Алғашында Қызылорда облыстық филармониясында, аймақтың мәдениет саласында өз еңбек жолын бастаған ол қазір Елордамызда өз мамандығымен қызмет етуде. Мерекеде сыйлыққа кітап алғанды ұнататын көрінеді. Бірақ, осы уақытқа дейін ешкім кітап сыйлап көрмепті.
                                                                               Биболат Сағындықұлы
21 наурыз 2018 ж. 1 168 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 432 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам