МАЛ ӨСІРСЕҢ ҚОЙ ӨСІР...
Малдың жайын білген қазақ қой түлігінің қадірін түсінеді. Түліктің бұл түрі қай кезеңде де елдің берекесін сақтап, тоқшылықта болуына өз ықпалын тигіді. Бүгінде осы түліктің пайдасын толық көріп жүрміз бе?
Қой шаруашылығы – отандық агробизнестің негізгі бағытының бірі. Бұл нәсіп – елмен етене, ежелден халқымыздың негізгі күнкөріс көзі. Халқымызда «мал өсірсең қой өсір, пайдсы оның көл-көсір» деген сөздерде терең ұғым бар. Қой киелі түлік, оның пірі «Шопан ата» дейміз. Сондықтан Шопан атадан тілеу тілегенде «малды берсең, қойды бер» деп өтінген. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақжаулық, үшінші байлық – он саулық» деген ұғым негізінен түліктің осы түріне айтылса керек-ті.
«Мал баққанға бітеді» дейді халқымыз. Төрт түліктің арасынан жылқы мен қойға ерекше мән берген ата-бабамыз уақ малды жаю, оны көбейту мен тұқымын асылдандыру тәсілін қалыптастырған. Мал шаруашылығына қолайлы табиғи ортаның мол болуы, соған орай қыстау, көктеу, жайлау, күзеумен байланысты көшпелі өмір салтының орнығуы сол дәстүрді берік орнықтырды. Ертеде халқымыз қойдан күнделікті тұрмысқа қажетті жүн, тері, елтірі және тағамдық өнімдер – ет, май, сүтті молынан алды.
Сыр өңірінде асыл тұқымды қой шаруашылығымен айналысып жүрген шопандар бар. Соның бірі – Жаңақорған ауданындағы «Көбелдес» шаруа қожалығы. Қаратау бөктерінде қой өргізген малшылар өңірде алғаш болып қолдан ұрықтандыру әдісін қолданды. 4жыл бұрын қожалық Павлодар облысынан асыл тұқымды қошқарлар алдырған екен. Қондануы тез қой тұқымының әрқайсысының салмағы 120-130 келі тартады. Қазір шопандар өнімдерін облыс аумағынан бөлек көршілес Оңтүстік Қазақстан облысына да өткізіп жүр.
Айдархан ӘБДІҚАДЫРОВ,
ҚМУ-дің IV курс студенті.