ҚАСИЕТ ҚОНҒАН КИЕЛІ ҮЙ
Сыр өңірінде Қалғансыр деген елді мекен бар. Шап-шағын қоныс. Сырдарияның бойында орын тепкен. Жаңақорған ауданына қарайды. Қалғансыр дегенде қазақ үшін қастерлі киіз үй ойға оралады. Солай болатын жөні де бар секілді. Кезінде бұл елді мекенде сол киелі баспанамыз дайындалған. Ұзақ жылдар бойы жергілікті жұрт сол кәсіппен айналысып келді. Қойшыларға киіз үй дайындап беретін.
Бағзы заманнан көшпелі тіршілікте өмір сүрген қазақ халқына ол өте қолайлы еді. Ерте кездің ескі шежіресін таразылаған зерттеушілер оның екі мың жылдан астам тарихы бар екенін айтады. Киіз үй бір жерден екіншісіне көшкенде тігу мен жығуға өте қолайлы болды. Қысқасы, ұлан-ғайыр даланың арғы-бергі қиырына қоныс аударып үйренген қазақ халқы үшін одан қолайлы баспана жоқ.
Рас, кезінде алтын қолды шеберлер аз емес еді. Тіпті, кешегі ұлттық ұстынымыз ұмытыла бастаған кеңестік кезеңде де Қазақстанда киіз үй жасайтын арнайы кәсіпорындар жұмыс жасағаны белгілі. Тоқсаныншы жылдарға дейін Сыр өңірінің Жаңақорған ауданында осындай баспана жасауға көңіл бөлінді.
Көзтаныс ағамыздың бірі «Жаз айларында оның ішінде тынығудың өзі керемет емес пе? Жалпы, оны туризм саласында пайдалануға әбден болады. Біріншіден, шетелден келген меймандар біздің ұлттық байлығымызды бағалайды. Екіншіден, біз осы арқылы өзіміздің ұрпағымызды тәрбиелей аламыз. Үшіншіден, бүгінгі күні саны азайып бара жатқан алтын қолды шеберлерден көп құпияны үйреніп аламыз. Қысқасы, киіз үй біздің ұлтымыздың бренді емес пе? Бір ғана киіз үйдің босағасынан шаңырағына дейінгі бөлшектердің жүзден астам атауы бар екен. Қалт айтса қалп айтпайтын қазекем ол турасында 500-ден астам мақал-мәтелді артта қалдырыпты. Яғни, киіз үйді зерттейтін болсақ, талай-талай томға айналар еді» деп сыр ақтарған еді.
Киіз үйдің сүйегі кереге, уық, шаңырақ пен есікті үйшілер арнайы жасайды. Олардың айтуынша, ағаш қаңқасы үйеңкі мен талдан дайындалады. Ал киіз үйдің ағаш есігі мен есіктің маңдайшасы, табалдырық және өзге бұйымдарына самырсын ағашы кәдеге жаратылады. Қызығы, оған шеге қолданылмайды. Тіпті оның құрамында сына да жоқ екен.
– Менің аталарым да аймаққа белгілі ұста адамдар еді, – дейді Сырдария ауданындағы қолөнер шебері Сайділда Сәдуақасов. – Оны Тереңөзек маңайындағы жұрт әлі де жақсы біледі. Олар кезінде киіз үй жасаумен де айналысты. Бұл тіршілікке өзім де көңіл бөлдім. Өкініштісі, қазір киіз үйге қажетті шикізат көздері де азайып кетті. Бұрын Сырдың жағасында үйеңкі, самырсын және талдар көп еді. Бүгінгі кезеңде ол ағаштар мүлдем азайып кеткен. Менің ойымша, біз, аға буын осы кәсіптің қыр-сырын қазіргі жастарға үйретуіміз керек. Оны кәсіптік мектептер жанынан құрамыз ба, осы жағын ойласқанымыз орынды болар еді.
Ғалымдардың айтуынша, киіз үй – қазақ өміріндегі ұстанар салты мен дәстүрінің белгісі, дүниетанымының, сан ғасырлық мәдениетінің жарқын айғағы. Өйткені, біздің ұлтымыздың салт-дәстүрінің көпшілігі соған байланысты. Ол ең алдымен иесінің байлығын, тұрмыс жайын білдіреді. Киіз үйдің 2-3 қанаттан бастап 12,18,30 қанатқа дейін жететін түрлері болған. Ал киіз үйдің керегесінің басы 70-тен 360-қа дейін барады. Ауқатты азаматтар тұратын мұндай баспаналар үлкен және өте бай жиһазды өрнектермен безендіріледі. Оларды ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп атаған. Одан басқа киіз үйлердің алты қанат ақ боз, қоңыр үй, қара лашық, күрке отау, итарқа секілді атаулары бар. Киіз үйлер өзінің мәдени-тұрмыстық, шаруашылық жағдайына байланысты да үш түрге бөлінеді. Алғашқысы, жазда тұруға арналса, одан кейінгісіне мереке-жиын кезінде қонақ күтіп алуға болады. Сондай-ақ, жорық кезінде тігілетін киіз үй де бар. Жолаушылар мен жорықшылардың тігетін үйлерін абылайша, ақ қос, қос, қаңқа (арбаның үстіне тігілетін үй), жарық үй деп атаған. Сондай-ақ құрым киізден, қамыстан, шиден киіз үй тектес үйшіктер мен күркелер салынатын болған.
Қазақ төрт түліксіз күн кешпеген. Төрт түліктің табиғи жасалған өнімдерінің адам ағзасына емдік қасиеттері күшті. Киіздің шуашы, табиғи иісі, жүні, ызғар, ылғал өткізбейтін қасиетімен құнды. Түрлі аурулардың көбеюі – табиғи нәрселердің жеткіліксіздігінен. Табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуы төрт түліктің азаюы, төрт түліктен өндірілетін өнімдердің азаюы сан түрлі проблеманы алдымыздан шығарып отыр.
Қазақ халқының салт-дәстүрінің көпшілігі осы киіз үйге байланысты. Осыған орай бата-тілектер, ырым-тыйымдар, ән, жұмбақ, жаңылтпаш секілді дүниелер өте көп. Киіз үйдің құрылуын математикамен байланыстырып, жер шарының моделi іспеттес екендігін ғалымдар дәлелдеген. Киіз үй ата-бабаларымыздың тұрмысын, сәулет өнерін, қолөнерін бейнелейді. Сондықтан осыларды оқушыларға таныстыру үшін қажетті іс-шараларды қолға алуымыз тиіс.
Қазір ғаламдық деңгейде жаһандану жүріп жатқан уақытта біз ұлттық ұстынды сақтап қаламыз десек, осындай құндылықтарды өз деңгейінде бағалай білгеніміз абзал. Өркениетті өмірдің көшіне ілескен елдер де өзінің өткенін өзге жұртқа әспеттеп көрсетіп жатады.
Ә.ТАЛАПТАН.