ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮРЕЙ ТУДЫРАТЫН ФИЛЬМ ПРОКАТҚА ШЫҒУҒА ДАЙЫН
ҚазАқпарат - Тұңғыш қазақстандық «Во мраке» хоррор фильмі прокатқа шығуға дайын. Кинотуынды авторлары ҚазАқпарат тілшісіне түсірілім жұмыстарының қалай өткенін айтып берді.
Сценарий авторы, фильмнің со продюсері Данияр Ақшабаев Қазақстан нарығында қорқынышты фильмдердің жоқтығын атап өтті. «Іссапардан келе жатып, хоррор-квесттің идеясын ойластыра бастадым. Осыны түгел қиыстыруға жарты жыл уақытым кетті. Әрине, басында осындай жұмыспен айналысуға жүрексіндім. Бірақ команданың арқасында қиындықты жеңуге тура келді. Постпродакшн жұмысы да жаман емес. Одан бөлек мен өзім дыбыс режиссері болуыма тура келді. Өйткені, қазақстанда хоррор жанрында фильмдердің дыбысын жазатын кәсіби маман жоқ екен», - деді Данияр Ақшабаев. Түсірілім тобы Голливуд киноларынан артық болмаса, кем түспейтін кино түсіруге тырысқан. Киноның идеясынан бастап, түсірілім жұмыстарына дейін 2 жыл уақыт өткен. «Негізінен түсірілім жұмыстарының 90%-ы түнгі уақытта жүргізілген. Кешкі 7-ден таңғы 7-ге дейін. Былтыр қыркүйекте ауа райы өте салқын болды»,- деді сценарий авторы Данияр Ақшабаев. Жұмыс барысында актерлердің өздері мистикалық құбылыстарды байқай бастаған. «Түсірілім алаңында барлық адамдарда қорқыныш болды. Актриса Сәбина Ералина өзін ту сыртынан біреу түрткенін айтты. Сұрастыра келе оның артында ешкім тұрмағаны белгілі болды. Қорыққанға қос көрінеді дегендей, түсірілім алаңында шынайы қорқынышты ахуал туды»,- деді Данияр. Негізгі эпизодтар Алмаарасан мен Баум бағында түсірілген. Екі айдан соң Төле би Розыбакиев көшесінен қаңырап қалған ғимарат табылған. Ал Баум бағында түн ішінде айғай мен шу есстілген кезде адамдар полиция шақырған. «Полиция келгенде бұтақтардың арасынан қанға боялған актер шықты. Құқық қорғаушыларға бәрін толық түсіндірдік. Олар бізге сәттілік тілеп өз жолдарымен кетті»,- деді Данияр. «Во мраке» фильмі ойдан шығарылған оқиғаға негізделген. Бір топ жас қаңырап қалған бос орындарға хикая іздеп барып, тұзаққа түсіп қалады. Басты рөлдерде Данияр Бейсов, Сабина Ералина, Рысқұл Қонақбаев, Пархат Жалилов, Максим Богомолов, Назерке Әмірова, Алмас Жарасқан ойнаған. Ал, Ібілістің рөлін Албан Кәрімұлы мен Дияр Мірсадықов сомдаған. Қазақстан прокатына алғашқы хоррор-фильм 19-сәуірде шығады. Одан кейін сәтін салса, халықаралық кинофестивальдерге де апару жоспарда бар.
http://www.inform.kz