АДАМДАР НЕГЕ АШУЛЫ?
Көктемгі қала. Күн қабағы да жылы. Табиғат сізге осылайша жайдарлы мейірімін ерекше төгіп тұр... Бірақ, сондай мейірімді біз адамнан күткіміз келеді.
Болмашы нәрсеге ашулану, күйзелісте жүру – бүгінгі күнгі адамдарының бойына сіңген қасірет пе дерсіз... Олай дейтініміз, күндегісін-күнде қоғамдық орында бір-бірімен ұрысып жатқандарға көзіміз үйреніп кетті. Қарапайым ғана мысал, қоғамдық көліктің ішінде кондуктордың сөзін жолаушы көтере алмайды. Халықтың сөзін ол да құлағына ілгісі келмейді. Екі арада ұрыс-керіс, оған шыдамаған шопыр «Сен осы жерден түсіп қал» деп дүрсе қоя береді. Оның үстіне «сіз» емес, «сен» деп дөрекелік танытқанда төбе шашыңыз тік тұрады.
Базардағы саудагердің де мінезі қиын. Тауардың бағасын сұрасаңыз бір сөз, ұнатпасаңыз екі сөз, қарсы жауап қайтарсаңыз он сөз естисіз. Қытай халқында «Жымия білмесең саудагер болма» деген сөз бар. Олардың тарихына үңілсеңіз, өзгелерді күлімдеп, қатты сөйлемей қолға түсірген. Яғни, олар күлімсіреп, сыпайы болуды өз пайдасына жарата білген.
Осыған орай біз педагог-психолог маман Гүлнәр Əбдібаттаеваның кеңесіне жүгінгенді жөн көрдік.
– Бүгінде жүйкесі шыдамды адамды кездестіру мүмкін емес сияқты. Өйткені, тағдырының түрлі тауқыметін арқалап, күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүйкесінің қалай жұқарғанын білмей де қалып жатады. Тіпті, кейде арпалысқа толы өмірдің асау белестерін бағындырамын деп бағытынан жаңылатыны да аз емес. Оған қоса экономикалық, рухани дағдарыстың салдарынан көп отбасы ұрыс-керістің ошағына айналуда. Жетіспеушіліктің кесірінен тұрмысын түзеймін деп түрлі жағдайды бастан кешіріп жатқандары қаншама.
Міне, осындай күнделікті күйзеліске түсіп жүрген адам қалай күлмек?.. Десек те, Алланың тарапынан адамға жасалған шексіз сыйға сүйсініп, шүкіршілік қылу кез-келген тірі пенде үшін үлкен парыз, – деді психолог маман.
Иә, әр күніңізге, әр ісіңізге шүкір ете біліңіз. Күліп жүріңіз.
Құрметті оқырман, келер жолы күйзелістен қалай құтылу керектігін жариялаймыз. Жалғасы бар, күтіңіздер!
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.