ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА 5 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ
Жаңа кәсіпорындарда 3,4 мың жұмыс құрылады. Биыл экспортқа бағытталған тағы 4 ірі өнеркәсіп өз жұмысын бастайды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев және Үкімет мүшелеріне "Аралтұз" АҚ жұмысымен танысу барысында облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким мәлімдеді.
Бұл "Хайси Дэшен сода саласы" қытайлық компаниясымен бірлескен кальцийлендірілген сода шығаратын зауыт, тау-кен комбинатының құрылысы және ресейлік инвесторлармен бірлесе тұз өндіру зауыты, сондай-ақ, "Байқоңыр" ӘКК қатысуымен жылына 1500 тонна өнім өндіретін құс фабрикасы және "Баласауысқандық" ванадий кен орнында ванадий бес окисінің өндірісін айына 50 тоннаға дейін ұлғайту.
"Осы жылы біз 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 301 млрд.теңгенің 5 инвестициялық жобасын іске асыруды жоспарлап отырмыз" - деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким.
Айта кетейік, 2017 жылы аммоний метаванадаты экспортталатын елдер қатарына Ұлыбритания да қосылды, өткен жылы кәсіпорын экспорт көлемін 3,2 есеге ұлғайтты.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін өңірде тағы 4 жоба іске қосылады.
"2018 жылы 102 млрд.теңгенің 4 жобасы іске қосуды межелеп отырмыз. 650 жұмыс орны ашылады.Бұл молибден үш окисі өндірісі, тампонажды цемент және шыны шығаратын зауыттар, сондай-ақ, балық өңдеу цехы. Бұл еліміздегі ірі өндіріс орныдары, экспортқа бейімделген және жаңа технологияларды қолданатынкәсіпорындар болады", - деді Евгений Ким.
Сонымен қатар, Қытай, Иран, Түркия және Татарстан елдеріндегі шетелдік әріптестермен 9 бастамалы инвестициялық жобаны бірлесе жүзеге асыру жоспарлануда.
"Қытай тарапымен 5 жобаны: күн панелдері, смартфондар мен планшеттерге арналған аса жұқа әйнек өндірісі; күн және су электрстанцияларының құрылысы; тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін және жарылғыш заттар шығаратын зауыт салу жоспарлануда. Түрік елімен 3 жоба, оның ішінде "Юлдызлар ССС холдинг" компаниясымен қуаттылығы 138 мВт болатын газ поршенді электр станция мен керамикалық плита шығаратын зауыт құрылысы, сондай-ақ, түркиялық "Tat" компаниясымен бірігіп томат пастасын өндіруді жүзеге асырамыз. Ал, ирандық инвесторлармен құны шамамен 1 млрд.теңге болатын ет комбинатының құрылысын жүргізу мәселесі қаралып жатыр", - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған үкіметтік делегация Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Делегация құрамында ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің басшысы, инвестиция және даму, ұлттық экономика, ақпарат және коммуникациялар министрлері, сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және даму институттарының басшылары бар.
Сапар барысында Бақытжан Сағынтаев пен делегация мүшелері облыс активімен және кәсіпкерлермен, сондай-ақ әлеуметтік сала өкілдерімен кездесті. «Қараөзек» газ компрессорлық станциясында болып, Арал ауданындағы балық өңдеу зауыты мен «Аралтұз» АҚ жұмысын көрді. Мұнда қоғам өкілдерімен басқосу өтіп, Солтүстік Арал жобасын жүзеге асыру, суармалы жерлерді жақсарту, ҚР Президентінің 5 әлеуметтік бастамасы аясында шағын несиелендіру ісін жетілдіру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағын дамыту барысымен танысады.