АҚЫН ЕРЛАН ЖҮНІС ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
ҚазАқпарат - Талдықорғанда Қазақстан жазушылар одағының аймақтық филиалы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елдегі ең ірі шығармашылық ұйымының Жетісу жеріндегі бөлімшесін ақын Ерлан Жүніс басқаратын болды. Бүгін жетісулық зиялы қауым өкілдеріне филиалдың жаңа директорын одақ төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек таныстырды. Ақын Ерлан Жүністің есімі өлең сүйер қауымға жақсы таныс. Ол «Хауас», «Үміт жырлары» сияқты бірнеше жыр жинақтарының авторы. 2006 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде гран-при мен Президент кубогын жеңіп алған. Мемлекеттік сыйлық пен «Дарын» сыйлығының иегері.
Поэзияда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ақын енді жетісулық қаламгерлердің мүддесін қорғауға қызмет етпек. Әрі түрлі әдеби іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстарымен айналысады. Өңірдегі жазушылар одағының 120-дан астам мүшесі бар. Ақын-жазушылар одақ филиалының жас әрі жаңа басшысына зор сенім білдіріп, қызметіне табыс тіледі.