ДАРИЯДАН ТӨНЕТІН ҚАУІП ЖОҚ
Естеріңізде болса, 29-наурыз күні Қазалы ауданы, Абай ауылы тұсында Сырдария өзені арнасында мұз кептелісі жүрген болатын. Әсерінен судың деңгейі 70 см көтеріліп, өзеннің қорғаныс бөгетінің 3 жерінен су жырып, “Шағала” жазғы балалар лагерін су басты. Бүгінде дария деңгейі бір қалыпты. Бұл туралы облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағанбетов мәлімдеді.
– Қазіргі таңда елді мекенге төніп тұрған қауіп жоқ. Арнайы техникалар мен 300-ге жуық адам жұмылдырылып, мұз жару жұмыстары жүргізілді. Су Арал ауданына қарай ығыстырылып, мұз толықтай жүріп кетті. Жоспар бойынша ертеңге дейін Арал теңізіне барып құйылуы керек, – деді басқарма басшысы С.Сермағанбетов.