КӨШЕТТІ ҚАЛАЙ ТАҢДАЙМЫЗ?
Көктем келсе, көпшілік айналаны тазартып, көшет егуге кіріседі. Бұл науқан басталса, көшеттің саудасы қыза түсетіні белгілі. Бірақ, оны қалай таңдауға болады? Оның да өз құпиясы бар.
Осыған орай біз ауылшаруашылық саласының ардагері, ауласында жылыжайы бар қала тұрғыны Нұрлыбай Ұлықбанұлы ағамыздың пікірімен бөліскенді жөн көрдік.
Біріншіден, көшеттің өзіңіз тұратын аумақ климатына сай жағдайда өсірілген болғаны жақсы. Сау ағаштың тамыры балғын, құрғамаған, үсімеген болуы тиіс. Сондай-ақ, ұзындығы 30 сантиметрден кем болмағаны дұрыс. Өйткені, ұзын, жан-жаққа таралған тамырлары бар көшет тез бой алады.
Екіншіден, кей тамырды тіліп көруге болады. Ол ақ түсті болуы тиіс, қоңырқай түсті болса, онда оның үсігені немесе кеуіп кеткенінің белгісі.
Үшіншіден, көшеттің тамырлары құрғап кетпес үшін күн түспейтін, жел қақпайтын жерде сақтаған дұрыс.
Төртіншіден, егер көшетте жапырақ болса, алдағы уақытта оның бойындағы ылғал буланып кетпес үшін оларды қырқып тастаған жөн.
Бесіншіден, тамырлар біршама құрғаған болса, онда оларды егерден бір күн бұрын шелектегі суға салып қою керек. Дің мен сабақ қабығы да кеуіп қалса, онда да көшетті бір-екі тәулік суға салып қойған жөн.
Сонымен қатар, кей көшеттер өзінің түбіндегі топырағымен қоса сатылатыны, арнайы ыдысқа отырғызылып сатылатыны белгілі. Олар егілген жерге тез тамырлайды. Дегенмен, кейбір сатушылар көшетті дәл сатар кезде ғана осындай ыдысқа отырғызуы мүмкін. Оған да мән беру керек.
Түйін сөз: Олай болса, көшеттеріңіз көктесін. Бау-бақшаларыңыз жайқала берсін.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.