Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ТҰҢҒЫШ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖУРНАЛ

ТҰҢҒЫШ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖУРНАЛ

  Осыдан 90 жылдан астам уақыт бұрын өткен Советтердің 5-ші Бүкілқырғыздық съезі астананы Ақмешітке көшірумен қатар тағы бір тарихи әділеттілікті қалыпқа келтіргені белгілі. Бұл – бұдан былайғы жерде мемлекет атауындағы «киргизды» «қазақ» деп ауыстыру туралы қаулы еді. Осы сәттен бастап-ақ қала үшін жаңа тарих парағы ашылғандай болды. Алғашқы астананың экономикасын, мәдениетін дамыту, халқының тұрмыс жағдайын жақсарту шаралары белгіленді.                                                    
Жоғарғы және арнаулы орта оқу орындары, өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы кәсіпорындары ұйымдастырылып, рухани-мәдени нысандар есігін айқара ашты. Бұл өз кезегінде партиялық ұйымдардың қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына ықпалын тигізді. 1925 жылы 12 шілдеде өлкелік партия комитеті Қазақстан пролетарлық жазушылар Ассоциациясын құру туралы шешім қабылдады. Осы бағытта арнайы бригада құрылып, онда  Қызылорда қаласындағы қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушылар – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов қызмет етті.                                                                                                                             
Өңірдегі осындай ағарту ісінің алға басуынан 1925 жылы тамыз айында Ақмешітте «Жаңа мектеп» журналының алғашқы саны жарық көрді. Бұл қазақ баспасөзі тарихындағы тұңғыш педагогикалық журнал ретінде аса құндылыққа ие болып, күні бүгінге дейін өз бағасын жоймай отыр. Ондағы «Жаңа мектепті» шығару неге керек болды?» деп аталатын бірінші мақаласында қазақ халқының заман өзгерісінен кенже қалмай алға қадам басуына негізгі – кедергі сауатсыздық екенін баса айтып, оқу-білім жұмысына арналған журнал дүниеге келгені қуанышпен хабарланған. Журналдың жауапты шығарушысы көрнекті ағартушы-педагог, сол кездегі «Еңбекші қазақ» газеті редакторының орынбасары, журналист М.Жолдыбаев тағайындалған екен. «Жаңа мектептің» аяғынан қаз тұрып кетуіне сол кездегі айтулы ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, ағартушы педагогтар мен әдіскер ұстаздар белсене араласты. Ал, А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанұлы, С.Сейфуллин журналдың алқа мүшелеріне сайланса, С.Сәдуақасов, М.Дулатов, Б.Майлин, М.Әуезов сынды қаламгерлер тұрақты автор ретінде үздіксіз мақалаларын жариялап отырған. Журналдың уақытылы баспа бетін көріп тұруында ұлттық рухани ұстазы – А.Байтұрсынұлы көшбасшылық жасап, ұрпақ сауаттылығы мен қазақ педагогика саласының дамуына айтарлықтай ықпал етті.                                                                                     – М.Әуезовтің «Қараш-қараш» оқиғасы да тұңғыш рет 1928 жылы осы журналда жарық көрген. Аталмыш журнал кейін «Қазақстан мектебі» атауымен қайта шықты. Педагогиканың әр саласы бойынша шығып тұратын бірнеше кәсіби журналдардың атасы ретінде «Қазақстан мектебінің» өзіндік орны айрықша. Осылайша 93 жылдық тарихы бар «Қазақстан мектебі» журналы «Тәуелсіздіктің тура жолы – білімде» деген ұранмен егемен елдіміздің білім-ғылым, педагогика саласын өркендетуге, мемлекеттік білім саясатын жүзеге асыруға өзіндік орасан үлесін қосты. Қазіргі таңда музейде журналдың қайта қалпына келтірілген нұсқасы мен осы басылымның шығуына еңбек еткен бір топ қоғам қайраткерлерінің суреттері сақтаулы тұр, – дейді Ақмешіт филиал музейінің меңгерушісі Кенжегүл Ахметова.                            Осылайша тек саяси жағынан емес, рухани ағарту саласы жағынан да еліміздің астанасына айналған Ақмешітте сол жылдары талай тынымды тірліктің тиегі ағытылды. 1926-1927 жылдары Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу», «Экспресс» сияқты күрделі еңбектер жазып, онда социализм орнатудың алғашқы қиыншылық кезеңі көрініс тапты. Сондай-ақ, Сәбит Мұқанов Қызылордада қызмет істеген кезінде «Батырақ», «Октябрь белестері» еңбектерін, 1928-1929 жылдары «Сұлушаш» атты өлеңмен жазылған романын жарыққа әкелді. Атақты жазушының «Адасқандар» романы да осы Ақмешітте қағаз бетіне түскен еді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
03 сәуір 2018 ж. 2 068 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам