АҚ ОРАМАЛДЫҢ ҚАСИЕТІ ҚАНДАЙ?
Ақжаулықты ана, ақ кимешекті әже... Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, қандай жарасымды көрінеді. Бала күнімде орамалдың қасиеті туралы ол кісіден жиі еститінмін. Егер әйел кісі орамал тартса, иманының күшейгенін байқатады деуші еді марқұм әжем. Өзі түнде ұйықтаса да басынан орамалды тастаған емес. Себебі, оның да өз құпиясы бар.
Ал, қазіргі күні оған деген қасиет қаншалықты деп ойлайсыз... Бірде танысымыздың үйі құдайы жол берді. Жан-жақтан ағайын-туысы келді. Дастарқан басында отырған қыз-келіншектердің біразы жалаңбас екенін көзім шалды. Арнайы дін өкілін де шақырыпты. Бір кезде Құран оқылатын болды. Әдетте, ондай кезде орамалсыз отыруға болмайтынын жақсы білеміз. Сол сәтте жалаңбас әйелдердің орамал тарту керектігі сол кезде естеріне түссе керек, жалма-жан оны іздей бастады. Одан бірі дастарқандағы майлықты, енді бірі сүлгі секілді тауарларды бастарына жаба салды. Құран оқылып болғаннан кейін дін өкілі оларға орамалдың қаншалықты қасиетті екенін мағыналы түрде байыппен жеткізді. Сонда отырғандарға сабақ болды.
Расында да, айдың-күннің аманында нәзік жандылардың көбісі жалаңбас жүр. Бастағы орамалдың мәнісі – жат жұрттық болып ана атанған жолы жіңішке жандарды тұрмыс құрмаған қыздардан ерекшелеп тұратын. Қазір қызы да бір, анасы да бір. Баяғыда үлкендер шашта қасиет бар, ол жуып, күтілмесе, ұзатылған соң көзден жаулық арқылы көлегейленбесе қасиет қайтады деп айтатын.
Орта жастан асып, немере сүйіп отырған кейбір апаларымыз бен самайын ақ қырау шалған әжелерімізді жалаңбас күйде көргенде ыңғайсызданып қаласыз. Кезінде күнкөріс қамымен ауылдық жерден қалаға аттанған әйелдер арасында да барған ортасының ықпалымен орамалын шешіп, шаш бұйралап, әлгілердің легіне ілесіп кете барғандар көптеп кездесті. Бірақ, сол ақ жаулықты ұмытуға бола ма? Қазақта «Әйел орамал тартпаса арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі» деген сөз бар. Міне, талай ақынның жырына, шешендердің нақыл сөзіне арқау болған сол бір дүниенің қадірінің төмендеп кеткенін сезінгенде іштей қынжыласыз.
Жақында қаламыздағы ғасыр жасаған кейуанамен жүздескенімізде Зүльфия Дәулетова осы жайында ерекше әңгімелеп берген.
– Орамал – ана екеніңді, біреудің Құдай қосқан жары екеніңді, ақ-адал ниетпен аттаған шаңырағың бар екенін білдіретін белгі. Басты қасиеті де осында жатса керек. Жалпы, қазақта оның қадірін ұқтыратын әдет-ғұрып пен жөн-жоралғы көп – деді ақжаулықты әжеміз.
Ырымдардың бірі ретінде араша үшін ортаға орамал тастау ишарасын айтуға болады. Бұл көбіне қыз, жесір дауы орын алып, екі рулы елдің арасы бүлінуге шақ қалған кездерде болған. Бұдан бөлек, басқа да келеңсіз жағдайлардың кесірінен туындаған ағайын арасындағы тартыс кезінде, тіпті, бүкіл ел өміріне зардабын тигізетін оқиғалар барысында беделі жоғары, сыйлы аналар қостарапты арашалап, бейбіт келісімге, мәмілеге келуге шақыру мақсатында орамалын ортаға лақтырған. Ал, ананы сыйлайтын, ақ жаулықтың қасиетін бағалайтын ер азаматтар оны аттап өтуді ар санап, оның киесінен тайсақтап, қара күшке емес, сөзге жүгініп, келісімге келген. Оған қоса, қыз баланы келісімсіз алып қашқан кезде де осы ғұрыпты көп аналарымыз пайдаланған.
– «Өзім басымнан орамалымды тастаған емеспін. Қазақ қыздары да орамалсыз жүрмесе екен,» деген ойын жеткізген еді.
Қала тұрғыны Мира Рахметова да ақ жаулықтың мәнін ұққан жан. Ол кісі үйде де, түзде де орамалмен жүреді. «Ол жоқ болса, басым ауырады» деп отырады. Оның келіні де осылай тәрбиеленуде.
Иә, кешегі аталарымыз бен әжелеріміздің ақ жаулықты қадірлей білгендерінің себебі мен астарына үңіліп, бабалар үрдісін жалғай түссек, нұр үстіне нұр...
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.