ДӘРІ-ДӘРМЕКТІН ҚЫМБАТТАУЫНЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?
Әсіресе Алматы, Маңғыстау мен Атырау облысында фармацевтикалық өнімнің құны шарықтап тұр. Түрлі аурудың бас көтеретін, вирустың өршіп тұрған шағы көктемде дәрі-дәрмек бағасының өсуі кездейсоқтық па? Егістік маусымында тапшылыққа тап болып, құны шарықтайтын жанармай бағасының сценарийіне ұқсайтындай, деп хабарлады КТК.
Жыл басталғалы үш ай өтті. Бірінші тоқсанды қорытқан сарапшылардың зерттеуі көңіл көншітпейді. Қай салада болмасын қымбатшылықтың желі есіп тұр.
Былтырмен салыстырғанда ел бойынша дәрілердің бағасы орташа 7 пайызға дейін көтерілген. Гармондық дәрілер 20, ал анальгетиктер 12 пайызға өскен. Асқазан ауруына ішетін дәрілер де қымбаттап, 9 пайызға жоғары боп тұр. Республика бойынша, Алматы облысы тұрғындарының қалтасына салмақ түскен. Басқа өңірлермен салыстырғанда бұл жақта дәрінің құны 14 пайызға қымбаттаған. Маңғыстау мен Атырау облысында да 10 пайызға бірақ көтерілген. Тек Шығыс Қазақстан облысында жағдай тұрақты.
Осы орайда сіз бен біздің санамызда сұрақ туындайды-неліктен қымбатшылық өңір таңдайды? Жауабы қарапайым. Дәл осы облыстарда көктемде аллергея ауруы қозады. Тиісінше, дәріге сұраныс артады.
«Сұраныс көбейген жағдайда ол экономиканың заңдылығы баға көтерілу басталады. Жыл сайын екі уақытта бағаны көтеру байқалып отырады. Әсіресе көктем уақыты келген кезде»,-дейді экономист Мақсат Сералы.
Қазақстандағы фармацевтикалық компаниялар зерттеу қорытындысы бойынша соңғы екі айдың ішінде 4 тонна дәрі-дәрмек шығарған. Бұл осы уақыттағы былтырғы көрсеткіштен бақандай 45 пайызға көп. Тіптен, шығарылған фармацевтикалық өнімнің жалпы құны 13 млрд теңгеге жеткен.
Солай бола тұра, жұртшылық одан сайын әуре-сарсаңға түсетін түрі бар. Өйткені, дәрі-дәрмектің бағасы одан әрі көтерілмесе түспейді дейді сарапшылар. Бір шеті, баға саясатын қадағалайтын ұйымдардың жағдайды жіті бақылауына алмауынан фармацевтикалық компаниялар тайраңдап жүр. Құлқынның қамымен бағаны қолдан көтергендердің тәбетін ауыздықтау қиын. Өйткені дәрі-дәрмектің түрі 2 мыңнан асады. Әрқайсысын бақылауға уақыт та, маман да жетпейді. Сондықтан, әзірге қазаншының өз еркі құлақты қайдан шығарса деп көнуден басқа амал жоқ.