АҚТӨБЕДЕ АБАҚТЫДА ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІЛЕР ЖЫЛЖЫМАЛЫ ҮЙ ҚҰРАСТЫРЫП ШЫҚТЫ
ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында абақтыда жазасын өтеушілердің көрме-жәрмеңкесі өтті. Қала тұрғындары мен кәсіпкерлерді жылжымалы үй қызықтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласында бүгін ерекше көрме ұйымдастырылды. Облыстағы қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты үш абақтыда жазасын өтеп отырғандар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын сатуға шығарды. Қазіргі кезде түрмедегі 16 мекемеде 500-ден астам жазасын өтеуші жұмыс істейді. Олар темір, темір-бетон, ағаштан ыдыс-аяқ, балалардың ойын алаңына қажетті бұйымдар мен спорттық заттарды жасаған. Тіпті, түрмеде отырғандар арнайы тапсырыспен киім тігеді. Ақтөбеліктерді ағашпен қапталған жылжымалы үй қызықтырды.
«Жылжымалы үйдің қаңқасын Германиядан әкелген болатынбыз. Кейін оны жазасын өтеп отырғандарға беріп, өз идеямызбен керемет үй жасадық. Онда жылу бар. Жуынатын жері қарастырылған. Тамақ пісіруге болады, тоңазытқышы қойылды. Жатын орны мен ас ішуге арналған кеңістік те жеткілікті. Бір жыл бойы жасалды», - деді кәсіпкер Дмитрий.
Ақтөбе облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Ернат Ақылжановтың айтуынша, жылжымалы үйдің құны 1,5 миллион теңге деп бағаланған. Оны Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жем қаласында жазасын өтеп отырғандар жасап шықты.