ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ӘРДАЙЫМ НАЗАРДА
Өңірлік коммуникациялар қызметінде әлеуметтік сала басқармаларының басшылары салада жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді.
Бүгінде халықты жұмыспен қамту мәселесі жолға қойылып келеді. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына қатысушы ретінде аймағымызда 6 мыңнан астам адам тіркелген. Қазіргі уақытта бағдарламаның негізгі үш бағыты бойынша да айтулы жетістіктер бар. Мысалы халықты кәсіпкерлікке тарту бағытында түрлі қаражат көздерінен 32 млрд.теңге қаржы тарту көзделіп отыр.
Жиын барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев алда келе жатқан Жеңіс күні мерекесіне жоспарланған шараларға да тоқталды. Қазір Сыр өңірінде 37 соғыс ардагері бар. Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орай биыл соғыс ардагерлеріне жергілікті бюджет есебінен 192 мың теңге көлемінде бір реттік көмек беру көзделіп отыр. Ал, тыл ардагерлеріне 30 айлықтық есептік көрсеткіш көлемінде ақша төленеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Төрахмет Жолымбетов Елбасының тапсырмасына сәйкес, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы көлемі 8 пайызға өскенін атап өтті. Мемлекеттік базалық зейнетақы және жәрдемақылардың басқа түрлері 6 пайызға арттырылған.
Сонымен қатар облыстық еңбек саласын бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев жалақының уақытылы төленуі мәселесі ерекше бақылауда екенін айтты. Қабылданған шаралар нәтижесінде жыл басынан бері 26 кәсіпорынның 56 қызметкеріне 6,8 млн.теңге жалақы қарызы төленген.
Биболат Сағындықұлы