«ҚЫЗЫЛОРДА: КЕШЕ, БҮГІН, ЕРТЕҢ»
Кеше А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған «Қызылорда: кеше, бүгін, ертең» атты тарихи-танымдық кеш өтті.
Аталған шараның мақсаты – алты Алаштың анасы, Сыр өңірінің бас қаласы – Қызылорда қаласының 2 ғасырлық тарихындағы жетістіктері мен айтулы кезеңдері туралы кеңінен насихаттау болып табылады.
Шара барысында қала әкімі Н.Нәлібаев барша қызылордалықтарды 200 жылдық мерейтоймен құттықтады.
–Қазақылықтың қайнары, Алаштың – Ақмешіті атанған бұл қала, кешегі өткен алаш қайреткерлері мен ұлт зиялыларының басын қосқан киелі мекен, қазақ тарихындағы талай бастамалар мен тың жаңалықтардың қасиетті ордасы. Елбасының да «Сыр Алаштың – анасы» деуі тегін емес.
Қадым заманнан мұқым қазаққа ана да, пана да болған Сырдарияның бойын жағалаған қасиетті топырақта ашылмаған қаншама сыр жатыр.
Осындай, ұлт тарихындағы ең айтулы кезеңдерді бастан кешірген, қазақ елінің қасиетті мекендерінің бірі – Қызылорда туралы өткеніміз бен бүгініміздің бағасын айқындап, болашақ ұрпаққа мол рухани азық болатындай осындай тағылымы мол танымдық шараларды өткізудің маңызы зор. Осы салтанатты сәтті пайдалана отырып, Қызылорда қаласының бүгінін жарқын, болашағын баянды ету жолында талай жылдар тынымсыз тірлік, елеулі еңбек еткен ел азаматтары, аға буын өкілдеріне, барша қала тұрғындарының атынан Сіздердің ел үшін еткен еңбектеріңізге туған жерге деген жанашырлықтарыңызға зор ризашылығым мен шексіз алғысымды білдіремін.Қос ғасырдың куәсі – қасиетті Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы құтты болсын ағайын!, – деп, жүрекжарды тілегін жеткізді.
Тарихи-танымдық кеш барысында саясаттанушылар, тарихшылар мен әдебиетшілер, қоғам қайраткерлері Қызылорда қаласының қалыптасу тарихының әр кезеңіне тоқталып жеке-жеке баяндады. өзгеріс ісімен өрнектелген толағай табысқа толы Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің қарқынды дамуына шолу жасады.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.