АБАЙ АТЫНДАҒЫ КӨРКЕМСӨЗ ОҚУ ШЕБЕРЛЕРІНІҢ ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Ә. Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы және «Медиа-Пресс» қоғамдық қоры «Аймақта мемлекеттік тіл саясатын іске асыру» әлеуметтік жобасы аясында Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауын өткізді.
Байқаудың мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру және талантты жастарды табу.
Байқауға Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда өткен байқаулардың жеңімпаздары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан 17-29 жас аралығындағы 24 талапкер қатысты.
Байқау 2 кезеңнен тұрды:
- бірінші кезең: қазақтың белгілі жазушыларының көркемдігі жоғары прозалық шығармаларынан үзінді оқу;
- екінші кезең: Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай поэзиялық шығармаларынан үзінді оқу.
Талапкерлердің өнерін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Айтбаева Айман Ералықызы басқарған қазылар алқасы бағалады.
Байқаудың сарапшылары үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамына, сахналық және оқу шеберлігіне, сондай-ақ, сахналық киім мәдениетіне баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша Қызылорда қаласындағы №253 орта мектептің 11-сынып оқушысы Өмірбай Абылайхан І орынды жеңіп алса, Қазалы ауданындағы №93 орта мектептің мұғалімі Бақыт Назыгүл ІІ орынды, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің маманы Файзуллаева Несібелі ІІІ орынды жеңіп алды.
Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Ахметова Замира, Жаңақорған ауданындағы «Ақбота» балабақшасының тәрбиешісі Тұрабаева Айнұр және №2 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі-құтқарушы Алтынбекұлы Мақсат ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Байқау жеңімпаздары басқарманың дипломдарымен және ескерткіш сыйлықтарымен марапатталды.
Облыстық байқаудың жеңімпазы А. Өмірбай Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай өтетін республикалық байқауға қатысуға жолдама алды.