БАҺАДҮР БАБАЛАРҒА БАС ИЕДІ

Бұл – ел бостандығы үшiн қан төккен қаһармандар рухына арналып, қала орталығынан бой көтерген «Сыр бойының батырлары» ескерткіші. 2006 жылы орнатылған ескерткіш қоладан құйылып, тұғыры гранитпен қапталған. Ал, еңселі мәдени нысанның биіктігі 5,5 метр, салмағы 5 тоннаны құрайды. Тарихи-мәдени мұраларының алдын-ала тізіміне енген қазына – елімізге танымал суретші-архитекторлар Амангелді Кененбаев пен Жәркен Смағұловтың бірлескен жобасы. – Ел қорғаған батырлардың рухына ескерткіш орнату идеясы 2003 жылдары пайда болған еді. Сол кездегі облыс әкімнің бастамасымен Сырда дүниеге келіп, Отан үшін жанпида болған азаматтардың құрметіне осындай қастерлі дүниені салу ісі қолға алынды. Алғашында орнату үшін басқа жер таңдалған. Кейін жұртшылықтың көп жиналып, батыр бабалар рухын жиі еске алып жүрсін деген ниетпен қалалық парк алдына орнатуды құп көрдік. Жобаға қажетті материалдар Ресей мемлекетінен арнайы әкелінді. Бас-аяғы екі жылдай уақыт ішінде аталмыш ескерткішті дайындап шығардық. Бірінші нұсқа бойынша батырлардың төбесіне шаңырақ орнатуды ұсынғанбыз. Кейін ел қорғау жолында жұдырықтай жұмылып, төрт бұрыштан берік қамалдай түйістірілген найзаны бейнелеуді жөн деп шештік, – дейді мүсінші Амангелді Кененбаев бізбен әңгімесінде.
Тәуелсiздiк үшiн күрескен бабалар осылайша ұрпағына ұлағат дарытып келеді. Егемен еліміздің желбiреген көк байрағы жасампаз жаңа iстерге жiгерлендiре түсуде. Ел бостандығы үшiн қан төккен баһадүрлерге арналып қала орталығынан бой көтерген алып монумент қазіргі таңда жастардың бабалар ерлiгiне тағзым ететiн қасиетті орынға айналды. Осындай берері мол дүниелерді мемлекет қорғауына алып, оның мәдени-рухани бағасын айшықтандыра түсу мақсатында 18 сәуір – халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні деп белгіленді.
Отыз жылдан астам тарихы бар әлемдік деңгейдегі атаулы күн біздің елімізде де назардан тыс қалған емес. Себебі, ескерткіштер – тек өнер туындысы ғана емес, ол бүгінгі ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға қызмет ететін, патриоттық сезімге тәрбиелейтін рухани құралдың қайнар бастауы.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.