Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » СӘУЛЕТІ ЖАҢАРҒАН СҰЛУ ШАҺАР

СӘУЛЕТІ ЖАҢАРҒАН СҰЛУ ШАҺАР

     Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының нәтижесінде жергілікті басшылықтың қолдауымен Сырдың бас шаһарында өрелі істер, өміршең жобалар қолға алынып келеді. Екі ғасырға толы тарих беттерінде қатталған Қызылорда соңғы кездері өзгеше кейіпке еніп, бүгінгі заманға сай  келбетке ие бола бастады. Асқақ рухты Астана Есілдің бойынан бой түзесе, кешегі астана атанған Қызылорда Сырдарияның жағасында орналасқан.
Кез келген дамыған елдердің өзен бойындағы қалалары өзіндік кескін-келбетімен, көз тартар сәулетімен ерекшеленеді. Соңғы уақытта қаладағы әрбір қолға алынған іс көңілге қонады. Негізі Қызылорда қаласының бас жоспары 2009 жылы бекітілді. Бас жоспарда қала дамуының басым бағыттары айқындалып, коммуналдық шаруашылық және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту қарастырылды. Соның ішінде дамыту екі кезең бойынша жүзеге асырылды. Бірінші кезең 2015, ал екіншісі 2025 жылға дейін деп белгіленді.
Сондай-ақ, сол жағалаудан салынып жатқан жаңа қаланың аумағындағы тұрғын үйлер, зәулім ғимараттар, әртүрлі нысандар бәрі-бәрі жаңаша сипатта болмақ. Бұл керемет көрініске қарап тұрып, ерекше сезімге бөленетініміз анық. Кезінде қазақ зиялылары қоныс тепкен киелі орда осылайша замана заңымен үндесіп, көркіне көрік қосуда. Бұл қала биыл Қызылорданың 200 жылдық мерейтойының басты тартуы болмақ деп жоспарлануда.
Сұлу Сырдың жағасындағы тарихи қала – Қызылордаға әуежай жақтан кіріп келе жатқанда, жаңаша нысандар салынып жатқанын көре аласыз. Оған қоса сізді әдемі аллеялар қарсы алады. Солардың бірі – Тұңғыш Президент саябағы мен Рәміздер алаңы.
Осыдан 2-3 жыл бұрын бос жатқан аумаққа облыс әкімінің арнайы тапсырмасымен патриоттық рух беретін аллея салу керектігі айтылған еді. Сондай-ақ, аталмыш орын қаланың кез келген бөлігінен анық көрініп тұруы ескерілді. Оған қоса еліміздің аспан түстес көк туының желбіреп тұратын аллея айрықша болғаны, биіктен көрінуіне назар аударылды. Ел игілігіне берілген осы аллея әрбір қызылордалықтың жүрегіне отансүйгіштік сезім сыйлайтын айтулы орынның біріне айналды. Қалаға кіре берістегі 3 гектар аумақты алып жатқан бұл жерде Елтаңбамыз, Әнұранымыз және 60 метрлік биіктікте көк байрағымыз айбынымызды асырып, мерейімізді өсіре түседі. Жаңа нысанда көпшілік демалысы үшін бар жағдай жасалған. Аллеяның дәл іргесін бойлай аққан Сырдың суы, айналасы жасыл-желекпен көмкерілген керемет алаң. Мұндағы тасқа жазылған әрбір қанатты сөз өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай. Оған қоса Тұңғыш Президент саябағы мен Рәміздер алаңы аралығынан жаңа демалыс саябағы салынуда.
Жалпы, қаламызды жасыл-желекке айналдыру мақсатында көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде 52 аллея мен сквер бар. Аталған аумақтарға жыл көлемінде мыңдаған көшеттер мен гүлзарлар отырғызылуда.
Заман талабына сай қала мәдениеті мен шаһарымыздың әсем келбетін айшықтайтын түрлі архитектуралық формалар орналастырылып, жаңа демалыс орындары мен саябақтар халыққа тарту етіліп келеді. Осындай бағытта «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» ескерткішінің аумағы абаттандырылып, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылды.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда аймақ басшысының тікелей бастамасымен бастау алған «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Абай Дәулет» серіктестігінің демеушілігімен ана бақыты аллеясы ашылды. Сонымен қатар, қалаға кіре беріс бағыттарынан сәулеттік келбетіне көрік берер жаңа қақпалар пайдалануға берілді.
Соңғы жылдары бой көтерген тарихи-мәдени ескерткіштер де ерекше сыр шертіп тұр. «Сыр елі – жыл елі» дегендей, ән мен сөздің маржанын терген Сыр сүйейлері аллеясы да бар. Ол – дария жағасындағы елдің мәдени мұрасын ұлықтайтын, бүгінгі және келер ұрпаққа Сыр мәдениетінің саңлақтарын танытудың бірден-бір баспалдағы болмақ. Ерекше тартудың бірі – орталық алаң жанында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі Ыбырай Жақаевтың мүсіні орналасқан жерде еңбек аллеясы. Бұл – еңбек адамдарын құрметтеу арқылы жастардың бойына, таным-түсінігіне ел дамуы тек еселі еңбекпен ғана келетінін ұғындыру еді.
Оған қоса шаһардың Абай, Астана даңғылы, Жібек жолы, Желтоқсан көшелерінің бойындағы жасалған игі істер сәулетіне сән қосуда. Әсіресе, Жібек жолының бойындағы архитектуралық нысандар көптің көңілінен шығуда. Тарихқа сүйенсек, Ұлы Жібек жолының Сыр өңіріндегі сүрлеулері бұл аймақ тұрғындарының тоғыз жолдың торабында тұрып, теңдессіз мәдениеттер тудырғанын, алыс-жақын шет елдермен түрлі байланыс жасағанын айғақтайды. Ол – кешегі келбеті. Ал, бүгінгі бейнесі басқаша. Заманауи кейіпке енген. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Сыр өңірі қалаларының гүлденуі дамыған орта ғасырларға, яғни оғыз-қыпшақ кезеңіне сәйкес келеді.
Алыстан көздің жауын алатын алқызыл, жасылды гүлзарлар мен сан түрлі пішіндегі архитектуралық пішіндер соның айқын дәйегі. Әсіресе, облыс орталығының бас көшесі саналатын Жібек жолында мұндай әсемдік түр-түрімен самсап тұр. Асқан шеберлікпен жасалған олардың қай-қайсысы да ұлттық болмысты айшықтандырып, баба мұрасын асқақтатып тұрғандай.
Қасиетті шаһардағы игі істердің куәсі болып жүрген жергілікті жұртшылықта ризашылығын білдіруде.
– Өзім сыртта оқимын. Адам туған қаласының қадірін алыста жүргенде біледі. Қызылорданың көркейе түскені мені қуантады. Көбіне уақыт алмас үшін ұшақпен келемін. Сол кездегі байқағаным – біздің қала басқаша. Яғни, жақсы жағынан жаңаруда. Бір байқағаным, демалатын орындар көбейген. Бұл – менің қалам деп мақтанышпен көрсете аламын, – деді студент Әйгерім Ерлыбайқызы.
Иә, игілікті істің бастауы болған осындай орындар кешегі Ақмешіт – береке-бірлігі бұзылмаған ұйытқылы жұрттың Ұлы ордасы болып қала бермек. Сырдың бас шаһары – Қызылорданың алдында әлі де атқарылар биік міндеттер тұр.
                                                                                  Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
17 сәуір 2018 ж. 1 850 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам