«ӘР ОТБАСЫДАН БІР ТАЛ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Жастар ісі» секторының ұйымдастыруымен өткен «Әр отбасыдан бір тал» акциясы аясында«Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының ауласына көшет отырғызылды.
Бас мүфтиіміз Серікбай қажы Ораз бекіткен «Ислам және отбасы» жылына орай ұйымдастырылған шарада Облыстық өкіл имам Болатбек қажы Ұласқанұлы бастаған бір топ белсенділер: өкілдік жанынан құрылған «Шын жүректен» еріктілер тобы, мешіт жамағаттары мен жанашыр кәсіпкерлер 120 түп көшет отырғызып, көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты.
Сонымен қатар, аталмыш мекемеге қажетті құралдар, дәлірек айтқанда, газон коселкасы мен арба, 5 суқұйғыш, 10 күрек, 10 тырма, 10 кетпен сыйға тартылды.
Айта кетейік, бұндай ізгі шара бірінші рет ұйымдастырылып отқан жоқ. Өткен жылы да отырғызылған 60 түп көшет бүгін де жайқалып, аулаға көрік беріп тұр.
Бұдан кейін, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының тұрғындары қолдаушы ағаларының көмегіне рахметі ретінде өнерлерін көрсетіп, жетістіктері мен қызықты сәттеріменбөлісу үшін қонақтарға үйлерін аралатып, жеке бөлмелерімен, қызығушылықтарымен таныстырды. Сондай-ақ, өз қолдарымен пісірілген тағам түрлерін ұсынып, дастарқан басында емен-жарқын сұхбат жүргізді.
«Дін исламмен біте қайнасқан дәстүрімізге негізделген бабалар мұрасын сақтай отырып, ұлттық отбасы мектебі қағидаларының көмегімен сапалы да саналы ұрпақ тәрбиелеу - басты міндетіміз. Біздің болашағымыз – сіздерсіздер! Келешекте елімізге елеулі, отансүйгіш, иманды азамат болатындарыңызға сеніміміз кәміл. Өркендерің өссін, айналайындар! Алла жәрдемшілерің болсын!» - деп, бас имам Болатбек Ұласқанұлы жас жеткіншектерге жылы лебізін жеткізді.
Жанашыр ағаларының ақ батасын алған балалар ізгі мақсатта игі жақсыларды бастап келген Бас имамға алғыстарын білдіріп, естелікке қолөнер туындысын тарту етті.
Қызылорд облыстық «Ақмешіт-Сырдария»
мешітінің баспасөз қызметі
мешітінің баспасөз қызметі