ӨКІЛ ИМАМ ШИЕЛІ АУДАНЫНДА ІС-САПАРДА
Шиелі ауданына іс-сапармен барған, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі Болатбек қажы Ұласқанұлы аудан әкімі Әшім Оразбекұлының қабылдауында болып, аймақтағы діни ахуал тұрақтылығын сақтау, экстремизмнің алдын алу жолдары жөнінде сөз қозғап, өңірге білікті кадрларлы тартуда күні кеше жасалған «Нұр-Мүбарак» университеті студенттерінің арасындағы үшжақты келісімшарттың тиімділігі мен мүмкіншілігі көп екенін жеткізді.
Сондай-ақ, облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде Бас мүфтидің бастамасымен ашылған отбасы мәселелері бойынша «Кеңес беру» орталығының қызметі мен мақсатын таныстырып, қоғамға тигізер пайдасын түсіндіре келе, ауданда да осындай орталық ашуды ұсынды. Аудан әкімі жаңа бастамаларын ала келген өкіл имамға алғыс білдіріп, қызметіне сәттілік тіледі.
Аудан мешіттерінің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатындағы Бас имамның кезекті сапары аймақтағы имам-молдалардың қатысуымен өткен алқалы жиынмен жалғасты.
Өзекті мәселелер талқыланған жиында, өкіл имам: «Имамдар мен молдалар жамағаттарымен тығыз байланыс орнатып, көркем мәміледе болуы қажет» екенін еске сала отырып, жиынға қатысушы дін қызметкерлерін Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының «Өзгеруді өзіңнен баста!» бастамасы аясында жамағатқа үлгі болуға шақырды. Биылғы жыл «Ислам және отбасы жылы» болып бекітілгенін ескере келе, алдағы уақытта аталмыш жыл аясында атқарылуы тиіс шаралар мен жоспарларын қайта пысықтап, аудан бойынша отбасылық мәселелерді шешуге арналған «Кеңес беру орталығын» ашуды тапсырды.
Бұдан кейін, Шиелі аудандық орталық мешітте жомарт адамның Алла Тағала алдындағы дәрежесі турасында «Жомарттық жәннатқа жетелейді» тақырыбында уағыз айтып, жамағатпен бірге жұма намазын оқып, ел амандығы мен тәуелсіздігіміздің баяндылығы, бейбіт өмірдің тұрақтылығы үшін дұға жасады.
Сапар соңы Бас имамның аудан ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдерімен жүздесумен өткен дастарқан басындағы салихалы сұхбатқа ұласты. Ақсақалдар Бас имамға игі бастамаларын қолдайтындықтарын жеткізіп, ризашылықтарын білдірді және де абыройлы қызметіне сәттілек тілеп, ақ баталарын берді.
Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің баспасөз қызметі